"Тым жеңіл жаза". Тоқаев министр Қарабаевқа не үшін сөгіс жариялады?

Көркем Алдабергенова 16 мам. 2025 12:00 975

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын дамыту мәселелері бойынша Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген болатын. Сол жиын барысында көлік министрі Марат Қарабаев пен орталық мемлекеттік органдардың бірқатар басшылары есеп берді. Одан бөлек, жиында Президент Тоқаев министрге сөгіс жариялады. Осы тұста Dalanews.kz тілшісі Қарабаевтың сынға ұшыраған қызметі туралы сарапшылардың ойына шолу жасады. 

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы елдегі көлік саласындағы жағдайды сынға алды. Оның айтуынша, «саланы жаңғырту жүйелі мәселелер мен жоспарлардың орындалмауы салдарынан тежеліп отыр». Тоқаев жүк тасымалын өткізу кезінде шекарадағы кедергілер, өткізу пункттерінің қанағаттанарлықсыз күйі, ірі транзиттік инфрақұрылым жобаларының кестеден кешігуі сияқты проблемаларды атап өтті.

Президент, сонымен қатар, нарықты авиатолықтыру қажеттігін айтып, бұл жүк тасымалын арттырудың маңызды қадамы екенін жеткізді. Ол транзиттік тасымал көлемін арттыруды, сондай-ақ Қазақстанды жаһандық жеткізу тізбектеріне қосу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Жиын қорытындысында президент Марат Қарабаевқа атқарылған жұмыстардағы олқылықтар үшін сөгіс жариялады. Тоқаев көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған тиімді шараларды қабылдауды талап етті.

Сарапшылар не дейді? 

Бұл жағдайға қатысты журналист және сарапшы Денис Кривошеев пікір білдірген. Ол Қарабаевтың қызметін қатты сынға алды. Оның айтуынша, Қарабаевтың сөгіспен құтылып кетуі — бұл ең жеңіл жаза.

"Қарабаевтың сөгіс алуы — бұл минимум. Салаға мұндай деңгейде дилетанттық көзқараспен келу — ерекше шенеуніктік «қабілет»", — деді ол.

Кривошеев Қарабаев министр болып тағайындалған алғашқы күнінен-ақ тәжірибесіз адамдарды қызметке тартып, дұрыс емес шешімдер қабылдағанын еске салды. Ол, әсіресе, Талғат Ластаевты министрдің орынбасары етіп тағайындағанын сынға алды.

Сонымен қатар, журналист 2023 жылғы атышулы оқиғаға да тоқталды. Ол кезде Азаматтық авиация комитетінің басшысы Каталин Раду Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде төбелес ұйымдастырған болатын. Алайда Марат Қарабаев бұл жағдай жұмыс уақытынан тыс болғандықтан, тәртіптік жаза қолданылмайтынын мәлімдеген еді.

"Қарабаев  бұл жұмыс уақытынан тыс болғандықтан, Раду мырза қайда жүрсе де өз еркі екенін айтты. Сонымен қатар ол — мемлекеттік органға бағынысты мекеменің басшысы екенін ұмытпағанын, оған этика талаптары ескертілгенін жеткізді", — деп еске алды Кривошеев.

Журналист министр Марат Қарабаевтың шындықты бүркемелеуге бейімдігін де сынға алды. 2024 жылдың қаңтарында ол ауа райының қолайсыздығына байланысты 100-ден астам рейстің кешігуі және 20 рейстің тоқтатылуы туралы айтып, авиакомпаниялардың толық билет қайтару уәдесін берген болатын. Алайда іс жүзінде FlyArystan компаниясының жолаушыларына тек 5 мың теңгеден қайтарылған.

Сондай-ақ Қарабаев Қазақстандағы 20-дан астам әуежайды, Каспийдегі Ақтау мен Құрық порттарын шетелдік инвесторларға басқаруға беруге дайын екенін мәлімдегенін де журналист өткір сынады.

"Мемлекеттік меншікті осылай ашықтан-ашық сату — кәсібиліктің жоқ екенінің көрінісі", — деп мәлімдеді Кривошеев.

Кривошеевтің айтуынша, Қарабаев елдегі көлік саласындағы жүйелі мәселелерді елемей келеді. Ол Әлихан Смайылов былтыр маусым айында ҚТЖ-ның «қызыл аймақ» деңгейіндегі кредиттік тәуекелде екенін жариялағанын еске салды. 3 трлн теңгеге жуық инфрақұрылым нысандарын тексеру барысында 29 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталған.

"Қарабаевтың көзқарасы мүлде басқа. Ол ҚТЖ-ның пайда тауып отырғанын, сондықтан компания басшылығы өздеріне дивиденд төлеуге толық құқығы бар екенін айтты. Осындай жағдайларда тек сөгіс жариялануы — тым жеңіл жаза", — деді журналист.

Ал БҚО-лық белсенді Азамат Мүсілімов Қарабаевтың қол-аяғын министрліктегі "қариялар" байлап отырғанын айтады. 

"Қарабаев мырза қойылған тапсырмаларды орындай алмаы жатыр. Оның қол-аяғын министрліктегі қарт кадрлар байлап отыр. Мен Марат Каримжановичті періште деп отырған жоқпын, бірақ ол аяқ астынан бірдеңе жасағысы келсе де, оның барлық бастамаларын зейнет жасындағы және зейнеталды жастағы лауазымды қызметтерде мықтап отырған кәрілер тежейді. Логистика дегеніміз — тек шекарадағы жасыл дәліздер ғана емес. Бұл — жолдардың бүкіл ұзындығындағы қауіпсіздік те. Сапалы жол да соның бір бөлігі!", - дейді Мүсілімов. 

Ал мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жол саласы проблемаларға толып кеткенін айтып, министрге жарияланған сөгіс күтілген шешім болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, егер президент тапсырмалары уақытында әрі сапалы орындалса, мұндай жағдайлардың алдын алуға болар еді.

"Жұмыс істеу керек, шапшаң болу керек. Бүгінде Қазақстан бойынша республикалық жолдардың сапасы да, жол құрылысы да қанағаттанарлықсыз деңгейде", — деді депутат Orda.kz-ке.

Депутат сақалды құрылыстар көп екенін атап өтті. Соның бірі — Шығыс Қазақстан облысындағы Майқапшағай — Георгиевка жолы, ол шамамен бес жылдан бері салынып келеді. Бұл, оның айтуынша, бір ғана жағдай емес.

Саиров шекаралық өткізу бекеттеріне де назар аударды. Оның пікірінше, қазақстандық бекеттердің жағдайы көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

"Олардың бәрі де көңіл көншітетін жағдайда емес. Егер көрші елдердегі, мәселен, Өзбекстан, Ресей және басқа мемлекеттердегі бекеттердің жағдайын салыстырып қарасақ, онда ешқандай мәселе жоқ екенін көреміз. Ал Қазақстанға көлік кірген кезде ғана қиындықтар басталады. Бұл басқару жүйесінің әлсіздігін көрсетеді", — деді депутат.

Саиров министрлікке басқару тәсілін де, жобаларды жүзеге асыру қарқынын да шұғыл өзгерту керек деп санайды. Оның айтуынша, министрдің жағдайды түзетуге мүмкіндігі әлі бар, бірақ президенттің жолдаған сигналы өте қатаң болды.

Министрдің еңбек жолы қандай?

Айта кетейік, Марат Қарабаев еңбек жолын 2011 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінде сарапшы болып бастаған. Кейін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Жаңа технологиялар және энергия үнемдеу департаментінде бас сарапшы, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің Транзиттік және көлік логистикасы департаментінде басқарма басшысы қызметтерін атқарды.

2013-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы «Максимум» өңірлік инвестициялық орталығында басқарма төрағасының кеңесшісі, 2014-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары, кейін сол басқарманың басшысы болды.

2018-2020 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту департаментін басқарды. 2020-2021 жылдары министрліктің Индустриялық даму комитетінің төрағасы, 2021-2023 жылдары Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметін атқарды. 2023 жылдың қаңтарында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалды. Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Көлік министрі қызметіне кірісті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар