Астанада жел электр станциясына бөлінген 8,5 миллиард теңгені жымқырған екі адам сотталды

Қаракөз Амантай 14 мам. 2025 14:00 321

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот екі азаматты ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісі бойынша айыпты деп танып, үкім шығарды. Олар «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес компаниясына тиесілі 8,5 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот мәліметінше, 2020–2022 жылдар аралығында айыпталушылар үшінші тұлғамен алдын ала сөз байласып, Ерейментау қаласында салынуы тиіс жел электр станциясының жобасына бөлінген қаржыны ұрлаған. Олар бұл қаржыны жалған келісімшарттар мен өздеріне бағынышты компаниялар арқылы жымқырған.

Сонымен қатар, айыпталушылардың бірі Б. акционерлік қоғаммен трансформаторлық қосалқы станциялар жеткізуге келісім жасасқанымен, келісілген міндеттемелерді орындамаған. Нәтижесінде компанияға 157 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

Сотта Б.-ға қатысты қандай да бір жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар болмағаны, ал М.-ның екі кішкентай баласы бар екені және бұрын сотталмағаны ескерілген.

Нәтижесінде, сот Б.-ны 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, оған берілген «Құрмет» орденін кері қайтарды. Ал М.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-бөлігінің 2-тармағын қолданып, оған 6 жыл 8 ай жаза тағайындады. Бұл бап нақты қылмысқа қарағанда жеңілірек жаза қолдануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ТОО «Е» компаниясының азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, 8,5 миллиард теңге және 3 миллион теңге сот шығыны өндірілетін болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар