iKapitalist краудфандинг платформасының 27 инвесторы аталған компания қызметіне наразылық білдіріп,Қазақстандық миноритарлық акционерлер қауымдастығына (QAMS) арнайы шағым түсірді. Олар платформадағы жағдайдың тым мүшкіл екенін айтып, жаңа инвесторларды аса сақ болуға шақырады. Алайда бүгін Қазақстандағы алғашқы инвестициялық краудфандинг платформасының басшысы Нұрбек Раев аталған ақпаратты жоққа шығарып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетсек, компания үстінен түскен шағымда былай делінеді:
"Қазіргі кезде iKapitalist платформасында инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделеріне қауіп төндіретін өте күрделі жағдай қалыптасқан. Бұл инвесторлардың үлкен қаржылық шығынға ұшырауына алып келуі мүмкін".
Инвесторлар ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2025 жылдың ақпан айындағы мәлімет бойынша платформадағы жалпы займ көлемі 19,9 млрд теңгені (325 займ) құрайды. Оның ішінде төлем мерзімі 90 күннен асқан займдардың үлесі 28,4%-ға (98 займ, 44 компания) жеткен. Ал белсенді, жұмыс істеп тұрған займдардың көлемі 8,6 млрд теңгені (146 займ) құраса, олардың ішіндегі проблемалық займдардың үлесі 65,7%-ға жеткен. Бұл көрсеткіш платформа сайтында көрсетілген 7-8 пайыздан әлдеқайда жоғары. Инвесторлардың айтуынша, көптеген займдар бірнеше жыл бойы қайтарылмай отыр, бұл инвестицияның қайтарылу мүмкіндігін күн өткен сайын төмендетуде.
"Платформа өз функцияларын тиісті деңгейде орындамай отыр. Олар займдарды қайтару жұмысын тиімді жүргізбейді, инвесторлармен екіжақты байланыс орнатудан бас тартқан. Ашық алаңдарда мәселелерді талқылауға шектеу қойылған, шынайы ақпарат жасырылады. Проблемалық займдардың жай-күйі туралы жаңалықтар бірнеше айлап жарияланбайды", – дейді инвесторлар.
Осыған дейін аталған топ iKapitalist-ке қатысты мәселемен АХҚО-ның қаржы қызметтерін реттеу комитетіне (AFSA) де жүгінген. Алайда инвесторлардың айтуынша, осы уақытқа дейін реттеуші тараптан олардың құқықтарын қорғау бағытында ешқандай нақты әрекет жасалмаған. Платформа болса, әлі күнге жаңа инвесторларды тартуды жалғастырып келеді. Бұл өз кезегінде проблеманы тереңдетіп, қазіргі инвесторлардың жағдайын ауырлата түсуде.
Алайда iKapitalist краудфандинг платформасының басшысы бұл айыптауларды жоққа шығарады. Раев 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың наурызына дейін АХҚО платформаның қызметін тексергенін және оның жұмысын тоқтату мен лицензиясын алып қоятындай бұзушылықтар таппағанын нақтылайды. Сондай-ақ, ол платформаның өзекті көрсеткіштері сайтта үнемі жарияланып отыратынын, ешқандай да ақпарат жасырулы емес екенін айтады. Заемдар бойынша төлем мерзімі 90 күнге дейін кешіктірілігендері 8,8% дефолт жағдайында 11,5%-ды құрайтынын да еске салады.
"Дефолт" мәртебесі банкроттықты немесе инвестициядан айырылуды білдірмейді. Ол тиісті компаниялар бойынша сот (лар) арқылы мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімі басталғанын көрсетеді, бұл ретте 2025 жылғы сәуірден мамырға дейін кешіктіру деңгейі 14%–дан 11,5%-ға дейін төмендейді және біз нарықтағы белсенділіктің артуына байланысты маусым айында бұл көрсеткіштің одан әрі төмендейді деп бажайлап отырмыз", - деді платформа басшысы.
Өтеу мерзімі кешіктірілген заемдардың артуын ол макроэкономикалық турбуленттілікпен, мөлшерлемелердің өсуімен және іскерлік белсенділіктің төмендеуімен байланыстырады. Сөйтіп ол Telegram-дағы өз арнасында дағдарыс кезеңдеріндегі шетелдегі басқа платформалардың көрсеткіштерін мысалға келтіреді. Мысалы, Ресей Федерациясында I-тоқсанның қорытындысы бойынша кешіктірілген заемдар үлесі бір жыл бұрынғы 9,9%-бен салыстырғанда 15,4%-ға артқан.
Сондай-ақ Раев инвесторлармен арадағы "байланыстың осалдығы" туралы айыптауларды да жоққа шығарды, өйткені олармен 14 ақпанда Zoom арқылы және компанияның кеңсесінде (АХҚО өкілдерінің қатысуымен) де, сол секілді 25 сәуірде YouTube-те қосымша кездесулер өткізілгенін атап өтті.