Елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ірі істер жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама ел экономикасының барлық салаларын цифрландыруға, бірқатар артықшылықтарға қол жеткізуге жол ашты. Соның арқасында Түркістан облысының денсаулық сақтау саласын цифрландыру, автоматтандыру және жаңа технологияларды енгізу қарқынды жүзеге асырылып, ел жарұын жобалардың жемісін көруде.
Тарқата айтқанда, цифрландыру арқылы медициналық мекемелерде қағазсыз жұмыс жүйесіне көшу, науқастардың мәліметтерін электронды форматта сақтау, дәрігер қабылдауына онлайн жазылу және телемедицина қызметін пайдалану жолға қойылды. Автоматтандыру ісіне келсек дәріханалар мен емханалардағы кезектерді азайту үшін тіркеу процесін оңтайландыру, зертханалық талдаулар нәтижесін автоматты түрде өңдеу және медициналық жабдықтардың жұмысын бақылауды жеңілдетілді. Жаңа технологиялар – заманауи диагностикалық құралдарды, яғни жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін құралдарды енгізуге, роботтандырылған хирургия әдістерін қолдануға және генетикалық зерттеулерді жетілдіруге жол ашты. Бұл үдерістер түркістандық тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Келесі өзекті мәселе – денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру. Бұл жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Жалпы, цифрландырудың қазіргі деңгейі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отырған жоқ. Денсаулық сақтау саласында 40-тан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әр жүйенің өз кемшіліктері бар. Министрлік болса, жауапкершіліктен қашып, нақты шешім қабылдамай отыр. Ал, мұның зардабын дәрігерлер мен азаматтар тартуда. Үкімет осы мәселені тез арада шешуі керек», – деген болатын.
Президенттің цифрландыруға қатысты тапсырмасынан кейін Түркістан облысының денсаулық сақтау саласында айтарлықтай өзгерістер орын алғаны рас. Ақпараттық жүйелердің жұмысы да жеделдетіліп, медициналық қызмет көрсету сапасына қолжетімділік артты. Сан түрлі емдеу мекемелеріне заманауи ақпараттық технологияларды енгізу бірнеше бағытта жүзеге асырыла бастады. Атап айтсақ, емханалар мен ауруханаларда автоматтандырылған жүйелер жетілдіріліп, науқастарды тіркеу және кезек қою ісінде электронды формат өз жемісін берді. көшірілді. Емханалар мен зертханаларда цифрлық тіркеу жүйелері науқастардың уақытын үнемдеп, медициналық қызмет алуды жылдамдатты. Бұрын тұрғындар тарапынан жиі шағым түсетін жедел жәрдем стансаларының ісі көңіл толарлық деңгейге көтерілді. Себебі мұндай стансалар GPS технологиялары арқылы көліктерінің жылдамдығын арттырып, тұрғындарға шұғыл көмек көрсету уақыты қысқарды.
Бүгінде Түркістан облысындағы денсаулық сақтау саласын цифрландыруіс інде де көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Тарқата айтқанда, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын цифрландыру халыққа медициналық қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтерді. Ауқымды жобалар жүзеге асырылып, тұрғындардың денсаулығын сақтау жүйесі айтарлықтай оңтайландырылды. Түркістандық тұрғындар үшін арнайы мобильді қосымшалар әзірленіп, дәрігер қабылдауына жазылу және зертханалық нәтижелерді көру жеңілдетілді. Онлайн платформалар арқылы халық дәрігердің кеңесін үйден шықпай-ақ алуда. Шалғай ауылдар үшін онлайн байланс қызметі кеңейтілді. Ауылдық емханалардан өңір орталығындағы мамандарға тікелей байланыс орнату арқылы күрделі жағдайлар дер кезінде шешімін табуда. Бұл жүйе ауыр науқастарды ерте анықтап, дұрыс емдеу жолын жоспарлауға септігін тигізуде. Облыс ауруханалары жаңа цифрлық диагностикалық құрылғылармен жабдықталып, диагностика дәлдігі жақсарды. Емдеу процестерін басқару автоматтандырылып, медицина қызметкерлерінің жүктемесі азайды.
Жоғарыда сөз еткен заманауи технологиялар мен медициналық құралдарды пайдалану цифрландырудың жетістігі екенін, оның рәтін көріп отырған медициналық мекемелер Түркістан облысында аз еместігін тілге тиек етсек, оның да сөкеттігі жоқ деп ойлаймыз. Соның бірі – Түркістан қаласындағы облыстық дәрігерлік дене тәрбиесі диспансері.
Аталған диспансер спортшылардың жарыстарға дайындық деңгейін бағалау, оларды тереңдетілген медициналық тексеруден өткізу және емдеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Түркістан облысына қарасты 72 спорт мектебі мен ҚР Ұлттық құрама командасы мүшелерінің медициналық жағдайын қадағалау осы мекеменің міндетіне кіреді. Сонымен қатар облыстық спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтетін жарыстарда алғашқы медициналық көмек көрсету жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
– Диспансер соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Озық технологиялардың ішінде денсаулық жағдайын тез әрі дәл анықтауға мүмкіндік беретін сандық диагностика жүйесі айрықша маңызға ие. Атап айтсақ, мұнда жүрек-тамыр жүйесінің жұмысын бақылауға арналған кардиомониторлар, спортшылардың физикалық жағдайын бағалауға арналған арнайы тестілік құрылғылар және жылдам қалпына келу терапиясын жүргізуге мүмкіндік беретін физиотерапиялық аппараттар қолданылады. Диспансерде спорттық медицина саласының 10 дәрігері мен 20 медбике жұмыс істейді. Олардың қатарында хирург, кардиолог, травматолог, стоматолог сияқты білікті мамандар бар. Олар заманауи әдістерді қолданып, спортшылардың физикалық дайындығын бағалап, қажетті ем-дом шараларын жүргізуде. Бұл жерде тек спортшыларға ғана емес, аймақ тұрғындарына да ақылы медициналық тексеру және дәрігер кеңесін алу қызметі ұсынылады. Бұл облыс халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған оңды қадамдардың бірі, – дейді аталған диспансердің директоры Дәулет Жүнісов.
Расында да заманауи технологиялар мен цифрлық жүйелердің арқасында диспансер спортшылардың денсаулығын сақтау мен олардың жарақаты тез арада қалпына келуін жеделдетуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені байқалады. Осы арқылы Түркістан облысындағы спорт саласының әлеуеті артып, өңір ел спортының дамуына үлес қосуда. Диспансер жұмысының цифрландырылуы мен заманауи құрылғыларды пайдалануы Қазақстандағы медициналық және спорттық технологиялардың озық үлгісінің нәтижесі деп білеміз.
Жақында Түркістан облысында медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында маңызды қадам жасалған болатын. Ашып айтқанда, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚР Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цоймен кездесіп, өңірдегі денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін талқылаған еді. Әңгіме барысында медициналық көмектің сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу және жергілікті халыққа қолжетімді медициналық қызметтерді дамыту бойынша нақты ұсыныстар қарастырылды.
Кездесу барысында Алексей Цой өңірдегі медициналық мекемелердің жұмысына оң баға беріп, жергілікті дәрігерлердің біліктілігін жоғары атап өтті. Ол өз сөзінде Түркістан облысының медицина саласында тәжірибелі мамандар жұмыс істейтінін, бірақ саланы одан әрі дамыту үшін жүйелі қолдау қажет керек екеніне тоқталды. Келелі кездесудің нәтижесінде Түркістан облысының әкімдігі мен ҚР Президент Іс басқармасы Медициналық орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім аймақтың денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Меморандум аясында Түркістан облысының тұрғындарына бірқатар жаңа мүмкіндіктер ұсынылмақ. Соның нәтижесінде дәрігерлерден білікті кеңес алу, Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының мамандарының қатысуымен консультациялық қызметтерді ұйымдастыру, аймақ тұрғындарына курорттық-санаторийлік ем алу мүмкіндігі берілмек.
– Біздің өңірде халық тығыз орналасқаны белгілі. Еліміздегі әрбір төртінші көпбалалы ана осы облыста тұрады. Әрбір алтыншы-жетінші сәби біздің өңірде дүниеге келеді. Соңғы бес жылда өзге көрші өңірлерге 484 мың адам қоныс аударған. Сондықтан Түркістан облысы үшін денсаулық сақтау мен білім саласын дамыту ең маңызды мәселе болып отыр.
Өңірде медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жаңа медициналық нысандар бой көтеріп жатыр. Оңтүстік аймақтарда 1 миллионға жуық халық тұрады, алайда облыс орталығына жету кейбір аудан тұрғындары үшін алыс болатыны ақиқат. Сондықтан осы өңірдің тұрғындары үшін көрші елдерде емделу қолайлы болып отыр. Біз халыққа сапалы дәрігерлік көмек көрсету үшін күш салуымыз қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сарыағаш қаласында жаңа перинаталды орталық салынады. Бұл медициналық кешенде перзентхана, көпсалалы аурухана, емхана және әкімшілік ғимарат орналаспақ. Бұл орталық жергілікті халыққа жақын жерде сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, біз медицина саласын жетілдіру үшін мамандардың біліктілігін арттыруға, озық тәжірибелер мен жаңа технологияларды енгізуге басымдық беріп отырмыз. Бұл салада білікті мамандардың тәжірибесін жаңартып, заманауи әдістер мен құралдарды қолданып, өңіріміздегі медициналық қызметтің сапасын арттыруымыз қажет. Осы тұрғыда сіздермен бірлесіп жұмыс істеу өте маңызды. Жұртшылыққа сапалы және тиімді медициналық көмек көрсету үшін бірлескен күш-жігеріміз нәтижелі болады деген сенімдемін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Жақында Түркістанда «ҚР Президент Іс басқарамасы Медициналық орталығының Түркістан облысындағы күндері» өткені көптің есінде. Медициналық орталықтың үздік мамандары аймақтың емдеу мекемелерінде шеберлік сабақтарын өткізіп, халыққа практикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетіп, күрделі операцияларды жасады.
Екі күнге созылған іс-шара аясында нейрохирургия, кардиология, аллергология, урология, пульмонология, эндокринология және ортопедия саласында 200-ден астам тегін кеңес берілді. Сондай-ақ бұрын-соңды болмаған 13 күрделі операция сәтті аяқталды. Бұдан бөлек, аймақ дәрігерлері үшін 28 презентация мен шеберлік сабағы өткізіліп, 400-ден астам тыңдаушы қатысты. Іс-шараны аталған облыста өткізудегі басты мақсат – тәжірибе алмасу, әлемдік стандарттарға сай озық технологияларды трансферттеу және медицина мамандарының біліктілігін арттыру. Бұл жөнінде Алексей Цой: «Мемлекет басшысы елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың негізгі бағыттарын айқындап, әрбір азаматымыздың озық технологиялар мен әлемдік стандарттарға сай сапалы медициналық көмек алуын қамтамасыз ету қажеттігін үнемі еске салып келеді. Біздің басты мақсатымыз – дәрігерлер арасында кәсіби байланыс орнатып, біліктілікті арттыру. Бұл тек бір жолғы шара емес, салаға жүйелі түрде, жан-жақты қолдау көрсету. Жаңа технологиялармен жұмыс істеуді үйрету. Түркістан облысының дәрігерлері өте ізденімпаз және медицинадағы жаңа әдістерді тез меңгеруге бейім. Көптеген күрделі оталарды жергілікті мамандар да жоғары деңгейде жүргізеді. Сондықтан алысқа бару және уақытты жоғалту мәселесі ендігі жерде шешімін табатын болады. Озық технологиялар да жеткілікті. Бұл бағытта өңірдің әлеуеті өте жоғары.
Кадрлық мәселелерді шешу, мамандардың біліктілігін арттыру, халықпен жұмыс істеу және дәрігерлік этиканы нығайту – бұл маңызды бағыттар. Бұл бастамалар медицинаның сапасын арттырып, өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамыту арқылы халыққа жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолжетімді етуді мақсат етеді», – деп атап өтті.
Түркістан облысында мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Бұл іс-шаралар тек өңірдегі медициналық қызметті жақсартуды ғана көздемейді. Сонымен қатар аймақ дәрігерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді меңгеруіне мүмкіндік береді.
Жалпы осындай медициналық орталықтар мен мамандар арасындағы тәжірибе алмасу, жаңа озық әдістерді енгізу өңірдің денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігін арттырады.
Аймақта сапалы медициналық қызмет ұсынуды қамтамасыз ету, сонымен қатар халықтың денсаулығын қорғау және жақсарту үшін қажетті заманауи шешімдер мен технологияларды енгізу негізгі мақсаттың бірі. Түркістан облысындағы медициналық мекемелерде озық цифрлық технологияларды қолданудың кеңінен көрініс табуы соның айғағы.
Жалпы цифрландыру ісі медицинаның барлық салаларын жетілдіріп, пациенттерге қызмет көрсету процесін тиімді әрі қолжетімді ететіні белгілі. Сол үшін алдағы уақытта да медицина саласына серпін беру мақсатында облыс цифрландыру бағытында тың жобаларды жүзеге асыра беретін болады.