Оңтүстік Корея президентінің аппараты толық құрамда отставкаға кетті

Жарас Кемелжан 04 жел. 2024 10:36 309

 

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльдің аппараты, елді елең еткізген оқиғадан кейін, толық құрамда отставкаға кетті. Бұл шешім президенттің елде әскери жағдай енгізу әрекеті сәтсіз аяқталған түннен кейін қабылданған деп жазады Dalanews.kz. 

Корейлік Yonhap News агенттігінің хабарлауынша, президент аппаратының барлық қызметкері қызметтен бас тартқан. Ал Юн Сок Ёль таңғы уақытқа жоспарланған барлық іс-шараларын тоқтатып, жергілікті уақыт бойынша сағат онға дейін ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Президенттің саяси қарсыластары, Демократиялық партия мүшелері, егер ол жақын уақытта өз еркімен отставкаға кетпесе, импичмент процедурасын бастайтындарын мәлімдеді. Парламентте көпшілік орынға ие бұл партияның қысымы Юн Сок Ёльдің биліктен кетуін одан сайын күшейте түспек.

Бұл арада Сеул мен басқа да ірі қалаларда президенттің отставкасын талап еткен наразылық акциялары қайта жанданды. Демонстранттар көшелерге шығып, Юн Сок Ёльдің қызметтен кетуін талап етуде.

«Ендігі ең маңызды сұрақ: ол өз еркімен қызметтен кетеді ме, әлде оған импичмент жариялана ма?» – деп мәлімдеді Би-би-си тілшісі Лора Бикер Сеулден.

Сарапшылардың пікірінше, осынау саяси дағдарыс Оңтүстік Кореяның ішкі тұрақтылығына қалай әсер ететіні және елдің болашақ саяси бағыты қандай болатыны – әлі белгісіз.

Президент аппараты - мемлекет басшысына тікелей бағынатын және оның міндеттерін атқаруға көмектесетін ең маңызды әкімшілік команда. Бұл құрылым президенттің күнделікті жұмысын ұйымдастыру, стратегиялық шешімдер қабылдау, ішкі және сыртқы саясатты үйлестіру сияқты функцияларды атқарады. Аппарат президенттің көзқарастары мен шешімдерін жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар