Суыт хабар түскенде ең алдымен адам шығыны болмаса екен деген ой келеді – өрт сөндіруші

Dalanews 11 қар. 2023 03:03 1277

Төтенше жағдай саласы – кез келген адам еңсере бермейтін, қызығы мен қиыншылығы көп сала. Бұл салада қызмет ететін мамандар да түрлі жаттығу мен дайындықтан өтіп қана келеді. Алапат өрт, жер сілкінісі, орман өрті, тіпті су тасқыны секілді айтып келмейтін апаттың кез келгенінде зардап шеккен қарапайым тұрғындарға ең алдымен көмек қолын созатын да осы төтенше жағдай қызметкерлері. Төтенше жағдай саласында батыл, ержүрек, білімді, жылдам адамдар ғана қызмет етуі бекер емес. Себебі кей жағдайда олар адам өміріне де жауапты болуы мүмкін. Сондықтан да төтенше жағдай қызметкері еліміздегі құрметті мамандықтардың бірі. Төтенше жағдай қызметкерлері тек қызыл жалынды сөндіріп қана қоймай, құтқарушының да, тіпті қажет жағдайда медицина қызметкерінің де жұмысын істеп кететін адам. Ол үшін бұл сала маманы физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да кез келген жағдайға дайын болуы керек.  Төтенше жағдай саласы – қауіпті саланың бірі болуы да бекер емес. Сондықтан адамдарды құтқару үшін, сондай-ақ апатты жою кезінде өз өмірлері үшін бұл кәсіптің өкілдері үнемі жаттығулар мен біліктілікті арттыруды қажет етеді.

Осы орайда Ұлытау облысы, Жезқазған қаласындағы №1 мамандандырылған өрт-құтқару бөлімінде қызмет ететін азаматтық қорғау аға-сержанты, бөлімше командирі Бекболат Мейрам Темірханұлымен және Батыс Қазақстан облысының жедел құтқару жасағының №1 құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Тауашев Нұрбек  Мұхитұлымен  тілдесіп, төтенше жағдай саласындағы қиындықтар мен қызықтар жайлы сұрадық.

Бекболат Мейрам Темірханұлы, №1 Мамандандырылған Өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі: «Төтенше жағдай қызметкері болу мен үшін үлкен абырой»

 

– Төтенше жағдайлар саласы қиын болса да өз еркіңізбен, өзіңіз таңдап келген екенсіз.

– Иә, бұл салаға өз еркіммен, өзімнің қалауыммен келген болатынмын. 2016 жылы осы қызметке тұрдым. Осы мамандыққа қызығушылығым қатты болды.

Төтенше жағдай қызметкері қандай маман болуы керек? Ол қандай қасиеттерге ие болуы керек деп есептейсіз?

– Төтенше жағдай қызметкері жан-жақты маман болуы керек. Ол қысқа уақытта дұрыс шешім қабылдай біліп жауапкершілікті сезінуі керек. Төтенше жағдай қызметкері білім жағынан да, спорт жағынан да өте мықты деңгейдегі маман болуы керек.

Төтенше жағдай бойынша шақыру түскенде ең бірінші қандай ой келеді? Төтенше жағдай қызметкерлері қандай схема бойынша жұмыс істейді?

– Ең алдымен дабыл және қоңырау түсе сала бірден бір ғана ой келеді. Яғни, құтқарушы ретінде «бізге бір адам мұқтаж болып отыр» деп ойлайсың. Өз басым солай есептеймін. Төтенше жағдай кезінде кез келген істе шешуші бағдар бойынша жұмыс істейміз.

Өміріңізде төтенше жағдайға байланысты қандай ірі оқиғаларға қатыстыңыз?

– Жалпы үлкен алапат өрт шыққан жерлерде көп болдым. Мысалы дала өрттерінде болдым. Сонымен қатар, Жезқазған қаласының мыс балқыту зауытында шыққан алапат өртте де бой көрсеттім. Жезқазған қаласының жылу электр орталығында шыққан өрт кезінде де болдым.

Қызмет кезінде есте қалған бір оқиға туралы баяндап бере аласыз ба?

– 2020 жылы қазан айында екінші құрамға түскен болатынбыз. Ол уақытта аға өртсөндіруші едім. Қасыма бөлімше командиры Ораз Ерұлан Исламұлы түсті. Бірінші құрамға дабыл берілген болатын. Сондықтан бірінші құрам апаттық құтқару жұмыстарына кетіп қалған еді. Бөлімде екінші құрам ғана қалдық.

Бір сәтте бізге де дабыл келді. Бекболатсай елдімекеніне апаттық құтқару жұмыстарына шақырылдық. Оқиға орнына келіп жетсек алдымыздан әйел адам шығып, жанұшыра көмек сұрады. Жағдайды көріп, бақылап, үйге кірдік. Ол жерде жертөле опырылып, үлкен әйел адам қабырғаның астында қалған екен. Сол әйел адамды 3-4 адам алып шыққан болатынбыз.

Төтенше жағдай кезінде азаматтар бірінші не істеуі қажет: өрт кезінде, суықта қалғанда, т.б. жағдайларда, жеке-жеке кеңес бере аласыз ба?

– Өрт кезінде ең алдымен өзіңіз далаға шығып кетуге тырысқаныңыз жөн. Артынша 101-ге қоңырау шалып, көмекке шақыру керек. Сонымен қатар, есіктерді ашық қалдыруға болмайды. Себебі өрттің тарап кетуіне үш нәрсе ғана керек: ол жанғыш зат, ауа және ұшқын. Ал егер суықта қалсаңыз бір орында тұрып қалмай қозғалып тұру керек. Мейлінше ық жерді іздеп тауып, сол жерде тұрғаныңыз абзал. Сонымен қатар, суықта қалсаңыз ұйықтап қалмау маңызды.

Төтенше жағдай қызметкері болу сіз үшін не берді?

– Төтенше жағдай қызметкері болу мен үшін үлкен абырой, үлкен жауапкершілік, Отанға қызмет ету.

Айта кетейік, Бекболат Мейрам 2020 жылы қараша айында Жезқазған қаласы бойынша жастар арасындағы  «Үздік құтқарушы қызметкер» атанған болатын.

Тауашев Нұрбек  Мұхитұлы, Батыс Қазақстан облысының жедел құтқару жасағының №1 құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы: «Кішкентайымнан айналадағы қиындыққа душар болған жандарға көмекке келуге асығатынмын»

Тағы бір төтенше жағдай саласының қызметкері - Тауашев Нұрбек  Мұхитұлы. Ол Ресей федерациясының Орынбор облысы, Бузулук ауданы Верхневяювка ауылында дүниеге келген. Ол 1992 жылы Қазақстанға ата-анасымен оралған. 1995-2006 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы Қурайлысай ауылы Талап орта мектебінде білім алған.

Төтенше жағдай қызметіне қалай келген едіңіз?

– Төтенше жағдайлар қызметіне 2009 жылы әскер қатарынан оралған соң құжат тапсырып тәжірибеден өтіп 2010 жылы ақпан айында бұйрық негізінде Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар қызметіне орналастым. Төтенше жағдай саласында қызмет ету – бала кезгі арманым десем де болады. Кішкентайымнан айналадағы қиындыққа душар болған жандарға көмекке келуге асығатынмын. Осы қызметте қиын жағдайға тап болған жандарға бар күшімді аямай көмек беруге тырысамын.

Көмек сұрап, хабар түскен сәтте ең алдымен нені ойлайсыз?

– Төтенше жағдай бойынша хабар түскенде ең алдымен адам шығыны болмасын, адамдар аман болсын деген ой келеді.

Қызметіңізде болған ең ауқымды апат жайлы әңгімелеп берсеңіз?

– Осы қызметімде қатысқан ең ірі, масштабты, есте қалған оқиға  2011 жылы болды. Сол жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша болған табиғи апат – су тасқыны болған еді. Ең ауқымды көлемдегі құтқару жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Көптеген адамның баспанасын су басып, эвакуациялау жұмыстары тоқтаусыз күндіз-түні жүргізілген еді.

Адам төтенше жағдай кезінде қалай әрекет еткені дұрыс?

– Өрт кезінде ең алдымен сабыр сақтап,  үрейге бой алдырмай, 112ге хабарласу қажет. Тыныс алу жолдарын ылғалды матамен жабу қажет. Тез тұтанғыш сұйықтықтарға жоламаған жөн. Көрші тұрғындарға ескертіп, құтқарушылар келгенше қауіпсіз жерге барып паналаған жөн.

Кез келген төтенше жағдайдың қаупі төнген жағдайда ең бірінші үрейге бой алдырмау қажет. Мүмкіндігінше қауіпті жерден алшақ болып ТЖ қызметкерлерін күткен абзал. Сонымен қатар, ең дұрысы – төтенше жағдайларды болдырмаудың алдын алып, төтенше жағдайлар ережелерін сақтау қажет.

Әңгімелесткен Қуаныш ЕРМЕКОВА

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар