Алматы қаласының тұрғыны, кинорежиссер Ербол Бораншаұлының жеке кітапханасынан Ілияс Жансүгіровтің 1927 жылы Мәскеу баспасынан шыққан «Өтірік» атты бірегей өлеңдер жинағы табылды. Кітап мұражай қорына тапсырылды. Ғылыми қызметкердің сөзіне қарағанда, бұл – Қазақстандағы жалғыз басылым. Төте жазумен терілген туындыны музей қызметкерлері алдағы уақытта кириллицамен қайта басып шығаруды жоспарлап отыр. 1927 жылы Мәскеуде 4500 таралыммен шыққан кітапта ақынның шымшыма өлеңдері де топтастырылған.
Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ілиястанушы ғалымдар мен студенттер қатысты. Жиын тақырыбы ақынның өмірі мен шығармашылығын талқылауға арналды. Соның ішінде педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Шара Қияхметова баяндама жасап, филолог мамандарды даярлау мәселесі бойынша бұған дейінгі зерттеу жұмыстарында анықталған бірқатар қателіктерді атап өтті.
– Батыр Қалмырзаевтың «Жансүгіров және «Қазақ» газеті» атты мақаласында осы басылымның 1914-1916 жылдар аралығындағы сандарында «Қаптағай» бүркеншік атымен жарық көрген жазбалар қамтылған. Олардың денінде қазақтардың соғысқа араласуын атап көрсеткен Ілияс Жансүгіровтің империалистік соғыстағы адамдар және соғыс салықтарын төлеу төңірегінде ой қозғайды. Алайда, бұл мақалалар Біләл Сүлеевтікі. Өйткені ақын өзінің естелігінде 1921 жылы 22 наурызда «Жас Алаш» газетінде жарияланған тұңғыш жазбасын «Замандастарға жолдау» деп атайды. Бұл туралы «Жаңа әдебиет» журналының 1931 жылғы 6-7 санында жарияланған өмірбаянында да айтылады. Жансүгіров жазуды 1920 жылы бастағанын жазған, - дейді Ш.Қияхметова.
Баяндамада тарихи фотосуреттерде бейнеленген тұлғалардың кім екені де сараланды. 1934 жылы Мәскеуде түсірілген фотосуретте Максим Горький мен Ілияс Жансүгіровпен бірге бейнеленген әйелдің Лидия Сейфуллина деп аталатыны бірнеше дереккөздерде көрсетілген. Алайда, Ш.Қияхметова суретте Жансүгіровтің әйелі Фатима Ғабитова бейнеленгеніне бұлтартпас дәлел келтірді. Ұсынылған дәлелдер мен мұрағаттық фотосуреттер бұл сәйкестендіруге қатысты сенімді деректерді ұсынады.
Пленарлық отырысқа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, ф.ғ.д. Сауле Ержанова, ф.ғ.д., «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі профессор Мұратбек Имангазинов, ф.ғ.к., ҚазҰқызПУ профессорының м.а., Ләззат Әділбекова қатысып, Ілияс шығармаларының ғылыми-теориялық мәселелерін көтерді.
Жиын соңында Ш.Қияхметованың «Ілиястану» оқулығының тұсаукесері өтті.