Су ресурстарын тиімді пайдалану – өмірілік дағдымызға айналуы керек!

Dalanews 23 қар. 2023 05:19 2432

Соңғы жылдары Үкімет еліміздің су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіруді шындап қолға алды. Бұл бағытта ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, өзекті мәселені шешуге баса көңіл бөлінгенін атап айтуға болады.

Әдетте Қазақстан су көздері тапшы елдердің қатарына жататынын жиі айтамыз. Бірақ осы мәселеге тиісті деңгейде көңіл бөлінбегені жасырын емес. Болашақта су ресурстарына деген мұқтаждықтың артып, еліміз қиын жағдаймен бетпе-бет келмеуі үшін арнайы министрліктің құрылып, жұмысқа кірісуі өте орынды бастама. Еліміздегі ирригация жүйелерін дамытып, жедел шешім қабылдап, стратегиялық маңызды жоспарларды жүзеге асыруда жеке-дара министрліктің қажеттілігі жайында көптен бері айтылып келе жатқаны белгілі.

Үкімет еліміздің су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлегенін білеміз. Маңызды құжатта су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіріп, тұрақты даму үшін су көздерін тиімді басқаруды көздейді.

Осылайша тұжырымдама ел аумағындағы су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану мәселелерін шешу, экономиканың түрлі салаларына суды дұрыс бөлу, сонынмен қатар қоршаған ортамен үйлесімділікті қамтамасыз ету де осы құжатта тайға таңба басқандай анық жазылған.

Айтары жоқ, ел ішіндегі су ресурстарын тиімді пайдаланудың маңызы зор. Бұл бағыттағы жұмыстарды уақыт оздырмай шешудің керек екенін биыл жаз кезінде көзіміз анық жетті.

Қазақстан су ресурастарын реттеп, тиімді пайдалануда айналасындағы көрші елдермен кешенді жұмыстар жүргізуі керек. Өйткені елімізге келетін ағын сулардың бастау көзі Қытай, Қырғызстан және Ресей сынды елдерде жатқанын бәріміз білеміз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар бір ғана министрлік құрылғанымен шешілмейді. Арасында бұл іске Мемлекет басшысының да араласып, істің тігісін жатқызып жүргеніне куә болып жүрміз.


Бүгінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жан-жақты іске асыруға кірісіп кетті. Осы ретте «Қала мен Дала» газеті бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, еліміздің ирригация жүйесін не күтіп тұрғанына талдау жасап көруді жөн санады.

Әңгіме басында Қазақстанның су ресурстары басқа елдермен салыстырғанда шектеулі екенін айттық. Мұны барша халық жақсы біледі. Жан басына шаққандағы тұщы судың көлемі бойынша Қазақстан Үндістан мен Қытай сияқты кейбір ауылшаруашылығы мен өнеркәсібі дамыған елдердің алдында келеді. Бірақ бұл көрсеткіш бойыша Ресей, Бразилия және Канада сияқты елдерден төмен тұрғанымызды да ұмытпаумыз керек.

Мәселен, жан басына шаққанда жаңартылатын су ресурстарының жалпы көлемі миллион текшеметр бойынша Үндістанда – 1,5 адам, Қытай – 2,1 адам, Қазақстан – 6 адам, Ресей – 31,4 адам, Бразилия – 41,1 адам, Канада – 83,2 адамнан келеді. Осыдан-ақ елімізде тұщы судың қоры қаншалықты аз екенін анық аңғаруға болады.

Соңғы жылдары «Балқаш-Алакөл», «Тобыл-Торғай» бассейндерін қоспағанда, барлық өзен-көлдердер жергілікті өзендердің ағынының азаю байқалуда. Бұл да алаңдататын жайт. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану еліміз үшін ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан біздер уақыт оздырмай су көздерін тиімді пайдаланудың жолына көшуіміз керек.

Көршілес елдерден келетін су көздеріне еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс және батыс облыстарындағы «Арал-Сырдария», «Балқаш-Алакөл», «Шу-Талас» және «Жайық-Каспий» су бассейндері аса тәуелді екенін ешқашан естен шығармаған абзал.

Мамандардың айтуынша, бүгінде елімізде тәулігіне 43 120,56 мың текше/метрді құрайтын жер асты суларының бекітілген пайдалану қоры бар. Олар кең байтақ еліміздің 5384 бөлігіне тарам-тарам болып таралған. Ал болжалды су қорларының мөлшері шамамен 40 км3/жылға жетеді.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында еліміздегі су бассейндеріне қарасты өзендердің сапалық жай-күйі де сын көтермей тұрғаны ашық айтуымыз керек.

Мәселен, классификация бойынша Қарағанды облысы аумағындағы Нұра өзені төртінші класқа, ал Қара-Кеңгір өзені бесінші класқа жатады. Бұдан аталмыш өзендерге ластаушы заттардың ағынын азайту бойынша нақты шаралар қабылдаудың кезі келгенін көрсетеді. Аталған өзендердегі негізгі ластаушы заттарға магний, жалпы фосфор және аммоний жатады. Ал Есіл өзенінін фенолдар, қалқымалы заттар және магний ластап жатқанын мамандарға алға тартып, дабыл қаққан болатын.

Ал «Арал-Сырдария», «Шу-Талас» өзендерінің бассейндерінде су ресурстарына өте жоғары жүктемеге ие. «Арал-Сырдария» өзені су шаруашылығы бассейніндегі өзен ағынының ресурстарының 90%-ы Орталық Азияның көршілес елдерінен келсе, «Шу-Талас» өзенінің су шаруашылығы бассейнінде өзен ағынының 75%-ы Қырғызстан аумағында қалыптасады.

– Қолда бар су ресурстары халықтың және экономика салаларының қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Бұл Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын өз кесірін тигізуі мүмкін, – дейді су шаруашылығы мамыны Қуаныш Еркебаев.

Атақандай-ақ, «Арал-Сырдария» өзені бассейнінде ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін су алу үлесі 98% құрайды. Өйткені, ел аумағындағы суармалы алқаптардың 60%-дан астамы осы бассейннен (Түркістан және Қызылорда облыстары) тіршілік нәрін алып отыр. Аталған аймақта күріш, мақта сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдар өсірілетіні белгілі. Мамандар ауыл шаруашылығы дақылдарын жүйелі суару үшін суды беру кезінде орташа есеппен ысыраптар жалпы су алу көлемінің 1,7 км3 құрайтынын алға тартуда.

Бүгінде суды тиімсіз пайдалану және трансшекаралық тәуелділіктен бөлек, еліміздегі Сырдария өзенінің экологиялық жағдайының бұзылуы да көпшіліктің назарын өзіне аударып отыр. Сырдария өзенінің транзиттік ағынымен Өзбекстан аумағынан мұнай өнімдері, фенолдар және азотты қосылыстар сияқты ластаушы заттардың көп мөлшері келетіні жасырын емес. Сонымен қатар Сырдария өзенінің жағасындағы ауыл шаруашылығы алқаптарында қолданылатын пестицидтер де өзен суын ластауын жалғастырып, жығылғанға жұдырық болуда. Сондықтан суда барынша үнемдеп пайдалану үшін заманауи технологияларға иек артуымыз керек.  


Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін бірнеше маңызды факторлар мен амал-әдістерді басшылыққа алуымыз керек. Бүгінде дамыған елдерде өндірісте пайдаланылатын суды бірнеше рет пайдалану тәсілі бар. Біз де осыған көшуіміз керек. Бұдан басқа су тартатын құрал-жабдықтардың бәрін жаңартып, су көздерінің ортан жолда жоғалып кетуіне жол бермеудің де маңызы зор. Елімізде қай саласы болса да су көздерін ысырапсыз пайдаланып жатқанын байқауға болады. Халық арасында су ресурстарына деген жанашырлық пен үнемшілдік мәденеитені қалыптастырудың маңызы зор. Сондықтан суды үнемдеп, пайдалануды өмір дағдымызға айналдырудың маңызы зор.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар