Шымкент қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты сот үкімі қайта қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін ол 70 миллион теңге көлемінде пара алды деген айыппен 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Іс қайта қаралғаннан кейін сот мүлікті тәркілеу туралы шешімді алып тастады. Атап айтқанда, Сарбасовтан мемлекет кірісіне өндіріліп алынған пәтер мен Toyota Land Cruiser автокөлігі қайтарылды. Сондай-ақ 17 миллион теңгені мемлекет пайдасына өндіру туралы талап та күшін жойды.
Сонымен қатар сот шешімімен оның бас бостандығынан айыру мерзімі өзгеріссіз қалды, сондай-ақ пара ретінде алынған қаражатты өтеу міндеті сақталды.
Еске салайық, 2025 жылдың қазан айында Манат Сарбасов ҰҚК подполковнигі әскери атағынан айырылып, оған тиесілі пәтер мен Toyota Land Cruiser көлігі тәркіленген еді.
