Қазақстанда 1996 жылы жойылған вице-президент лауазымы қайта енгізілмек. Ел тарихында аталған қызметті алғаш рет мемлекет қайраткері Ерік Асанбаев атқарған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Вице-президент қызметі 1996 жылы 22 ақпанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен күшін жойды. Сол уақытта бұл қызметті атқарған Ерік Асанбаев қызметінен босатылып, вице-президент институты мемлекеттік басқару жүйесінен алынып тасталды.
Араға шамамен 30 жыл салып, аталған институтты қайта жаңғырту бастамасы көтеріліп отыр. Бұл қадам мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және атқарушы биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Ерік Асанбаев кім?
Ерік Асанбаев - Қазақстанның мемлекет қайраткері, дипломат, экономика ғылымдарының докторы. Ол Қазақстан тарихындағы тұңғыш әрі әзірге жалғыз вице-президент ретінде белгілі.
Экс-шенеунік 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін вице-президент қызметіне тағайындалды. Бұған дейін партиялық және мемлекеттік басқару жүйесінде түрлі жауапты қызметтер атқарған. Ерік Асанбаев елдің алғашқы саяси реформаларына қатысып, өтпелі кезеңдегі мемлекеттік институттардың қалыптасуына атсалысты.
1994–1996 жылы ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы қызметін атқарды. Вице-президент лауазымы жойылғаннан кейін 1996 жылдың ақпанынан 2000 жылға дейін ҚР-ның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болған. Ерік Асанбаев 2004 жылы 23 тамызда өмірден өтті.
