“Уәде қағаз жүзінде қалып отыр”. Саясаттанушы құрылыс компанияларын сынның астына алды

Қаракөз Амантай 20 қаң. 2026 15:59

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында саясттанушы Марат Шибұтов құрылыс компанияларының жұмысын қатаң түрде сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құрылтай мүшесінің айтуынша, әкімдіктермен жасалған келісімдер аясында уәде етілген әлеуметтік нысандарды салмаған құрылыс компаниялары қаржылай жауапкершілікке тартылуы тиіс. Оның ішінде ірі көлемдегі айыппұлдар да қаралуы қажет.

“Ең алдымен, құрылыс компанияларының  жауапкершілігі туралы айту керек. Халыққа арналған тұрғын үйлерді салу кезінде құрылыс компаниялары әкімдіктермен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын тұрғызу жөнінде меморандумдарға қол қояды. Алайда бұл міндеттемелердің орындалмауына нақты жауапкершілік қарастырылмаған. Соның кесірінен көптеген уәде қағаз жүзінде қалып, өңірлерде жоспарланған ондаған әлеуметтік нысан салынбай отыр. Уәде етілген нысандар дер кезінде бой көтергенде, бүгінде мектептерде орын жетіспеушілігі деген мәселе болмас еді”, - деді ол.

Марат Шибұтов білім беру саласына бөлінетін қаржының қысқаруына да осы жауапсыздық тікелей әсер етіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, биыл білім мен ғылым саласына 900 млрд теңге бөлінген, ал былтыр бұл көрсеткіш 1 трлн 400 млрд теңгені құраған.

“Қаржыландырудың қысқаруына себептердің бірі - дәл осы орындалмаған әлеуметтік міндеттемелер. Мұндай жағдайға енді жол беруге болмайды”, - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар құрылтай мүшесі құрылыс компаниялары мен әкімдіктер арасында жасалған барлық меморандумға толық әрі қатаң ревизия жүргізу қажеттігін мәлімдеді.

“Кем дегенде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында мұндай түгендеу міндетті түрде жүргізілуі керек. Уәде етілген әлеуметтік нысандар, әсіресе мектептер салынбайынша, жаңа құрылысқа рұқсат бермеу керек және дайын нысандарды пайдалануға қабылдамау қажет. Құрылыс компанияларының барлық әлеуметтік міндеттемелері сәулет-жоспарлау тапсырмасында заңды түрде бекітілуі тиіс. Ал орындалмаған жағдайда, айыппұл мөлшері уәде етілген нысанның толық құнына тең болуы керек. Құрылыс арқылы тапқан табыс Дубайдағы зәулім сарайларға емес, ел ішіндегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалуы қажет”, - деді Марат Шибұтов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove