АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Франция президенті Эммануэль Макроннан келген хабарламалардың скриншоттарын жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жазбаларда Франция басшысы Трамптың Гренландияға қатысты әрекеттерін түсінбейтінін жеткізген.
«Президент Макроннан президент Трампқа. Досым, Сирия мәселесінде біздің ұстанымымыз бір. Иран мәселесінде де үлкен істер атқара аламыз. Бірақ Гренландияға қатысты сенің не істеп жатқаныңды түсінбедім», - делінген Макрон жолдаған хабарламада.
Сонымен қатар, Франция президенті Трампқа Парижде бірге кешкі ас ішуді ұсынған.
«Үлкен істер атқаруға тырысайық:
Давостан кейін (Дүниежүзілік экономикалық форумнан соң – ред.) бейсенбі күні түстен кейін Парижде G7 кездесуін ұйымдастыра аламын (22 қаңтар – ред.). Оған украиналықтарды, даниялықтарды, сириялықтарды және ресейліктерді шақыруға болады.
АҚШ-қа қайтар алдында бейсенбі күні Парижде бірге кешкі ас ішейік», - деп жазды Эммануэль Макрон.
DW басылымының хабарлауынша, Елисей сарайы аталған хат алмасудың шынайы екенін растаған.
