Қазақстанда “Халық кеңесі” құрылады — Тоқаев

Қаракөз Амантай 20 қаң. 2026 13:35

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда "Халық кеңесі" деп аталатын жаңа алаң құрылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиясы аяқталғанын атап өтіп, олардың жинақталған тәжірибесі негізінде Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынды. Жаңа орган елдегі барлық этностардың, қоғамдық топтар мен өңірлердің өкілдігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Президенттің айтуынша, Халық кеңесінің мәртебесі мен қалыптасу тәртібі Конституцияның жеке бөлімімен және арнайы конституциялық заңмен бекітіледі. Кеңес Конституцияға толық сәйкес жұмыс істейді және азаматтық қоғам мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен құралады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халық кеңесі шетелдердегі кеңесші құрылымдардың озық тәжірибесін біріктіретін, елдегі ең жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болатынын жеткізді. Кеңес төрағасына заң шығару бастамасы құқығы беріліп, бұл оның саяси салмағын айтарлықтай арттырады.

Жаңа органның құрамына барлығы 126 адам енеді. Оның ішінде 42 өкілі этномәдени бірлестіктерден, 42 адам мәслихаттардан, тағы 42 өкіл қоғамдық ұйымдардан ұсынылады. "Халық кеңесінің" отырыстары жылына бір рет өткізіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove