Жақында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен қазақ тілін үйретуге арналған Steppe Rider және Steppe Games ойындары қолданысқа енгізілді. Алайда аталған жобалардың сапасына қатысты қоғамда түрлі сын пікір айтыла бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Steppe Rider ойыны туралы мәлімет
Steppe Rider ойыны 6–25 жас аралығындағы пайдаланушыларға қазақ тілінің А1 және А2 деңгейлерін үйретуге, сондай-ақ ұлттық болмысты дәріптейтін мазмұнды әрі сапалы ойын ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Жоба компьютерлік және мобильді нұсқада ұсынылып, қазақ тілін инновациялық форматта меңгеруге арналған жаңа құрал ретінде таныстырылды.
Ойынның барлық функционалдық мүмкіндіктері Астана қаласындағы №104 мектептің оқушыларының қатысуымен тестіленген. Әзірлеушілердің мәліметінше, пайдаланушылардан алынған кері байланыс негізінде жоба жетілдірілген.
Бета-тестілеуге қатысушылар ойынның графикасын, динамикасын және мазмұндық тұтастығын жоғары бағалаған.
Жобаны іске асыруға 20-дан астам маман, яғни бағдарламашылар, дизайнерлер, тестілеушілер, деректер базасының сарапшылары және педагог-әдіскерлер тартылған. Оқу мазмұнының білім беру стандарттарына сәйкестігі қамтамасыз етілгені хабарланды.
Steppe Games қосымшасы
Сонымен қатар қазақ тілін үйренуге арналған Steppe Games мобильді қосымшасының ресми түрде қолжетімді болғаны белгілі болды. Қосымшаны App Store және Google Play платформаларынан тегін жүктеуге болады.
Әзірлеушілердің айтуынша, ойын форматында пайдаланушылар қазақ тілін үйреніп қана қоймай, ұлттық мәдениет пен дәстүрлер, халық ойындарымен де таныса алады. Қосымша 6 жастан бастап, тіл деңгейіне қарамастан барлық қолданушыға арналған.
Диалогтар, сюжеттер мен кейіпкерлер тіл үйренуді қызықты мәдени орта арқылы жеңілдетуге бағытталған. Қосымшаның мүмкіндіктері де №104 мектеп оқушыларының қатысуымен сынақтан өткен.
Журналист пікірі
Алайда жоба қоғамда біржақты қабылдана қойған жоқ. Журналист Иван Стрижаков Steppe Rider ойынына қатысты сыни пікір білдірді.
Оның айтуынша, қазақ тілін үйрету идеясы орынды болғанымен, ойынның техникалық орындалуы мен басқару жүйесінде кемшіліктер бар. Сондай-ақ журналист жобаға шамамен жарты миллион доллар жұмсалғанын, алайда қосымшаны жүктегендер саны тым аз екенін атап өтті.
“Идеясы жақсы, бірақ іске асыру жағы үлкен сұрақ тудырады. Ойын дұрыс жұмыс істемейді, басқаруы түсініксіз, кей тұстарда қатып қалады. Мұндай жобаны жүктегендер саны да өте аз”, - деді ол.
Журналист нарықта бұған дейін-ақ тиімді әрі сапалы тіл үйрету қосымшалары бар екенін айтып, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қатысты сұрақ көтерді.
