Ұлттық құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев QazaqGaz ұлттық компаниясының жұмысына қатаң сын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, компания газ өндіру көлемі бойынша тиісті деңгейде жұмыс істемей отыр. Қазіргі таңда QazaqGaz бар болғаны 350 миллион текше метр газ өндіріп отыр, ал компаниядағы қызметкерлер саны 10 мың адамға жуық. Сонымен қатар жаңа кен орындарын игеру ісі де тиімсіз жүргізілуде.
Президент бұл жағдайды басқарудағы олқылықтармен байланыстырды.
«Қалыптасқан ахуал - тиімсіз жоспарлаудың тікелей салдары. Бұл мүлде жол беруге болмайтын жағдай. Бұдан сабақ алу керек. QazaqGaz басшылығына перспективалы учаскелерді өз қаражаты есебінен игеруге кірісу жөнінде нақты тапсырма бердім», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына газ саласындағы жұмысты неғұрлым ұтымды ұйымдастыруды тапсырды.
Президенттің айтуынша, газ секторындағы басқару тәсілдері қайта қаралып, ұлттық компаниялардың тиімділігі нақты нәтижемен бағалануы тиіс.
Бұған дейін Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтың тым оң бағыттағы баяндамасын сынға алған болатын.
Үкімет отырысында компания басшысы негізгі жетістіктер мен іске асырылып жатқан жобаларды таныстырып, газ саласын цифрландыру мен тұрақты дамыту бағытына басымдық беріліп жатқанын атап өтті. Санжар Жаркешовтың айтуынша, пилоттық жобалар нәтижесінде Шымкент қаласында газ тұтынушыларының 98 пайызы цифрландырылған, ал алдағы уақытта талдау жүргізу үшін жасанды интеллектіні қолдану жоспарланып отыр.
Сонымен қатар оның сөзінше, геологиялық барлау және бұрғылау жұмыстарына инвестициялар тартылып, Жамбыл облысында жаңа газ қоры анықталған.
Алайда премьер-министр Олжас Бектенов баяндаманы жеткіліксіз деп бағалап, сын айтты.
«Сіздерде проблемалық мәселелер мүлде жоқ па? Тек оң нәтижелерді ғана көрсеттіңіздер. Мәселелер туралы көбірек айту керек. Оларды ашық көтеріп, талқылау қажет», – деді премьер-министр.
Бұған жауап ретінде Санжар Жаркешов Қашаған газ өңдеу зауытындағы қазіргі жағдай туралы қосымша баяндама жасады.
