АҚШ-та өткен халықаралық NeoScience Olympiad және Coding Olympiad Grand Final байқауларында қазақстандық оқушы Ләйлім Ерланқызы айрықша нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол екі алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленіп, жеке есепте жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Командалық нәтиже бойынша Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте үшінші орынға шықты.
Ләйлім Ерланқызы – журналист анасының тәрбиесін көрген, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидің қызы, әрі бүгінгі таңда ғылым мен технология саласында қатарластарынан оқ бойы озып келе жатқан жас дарын.
Халықаралық додада Ләйлімнің табандылығы мен білімге деген құштарлығы анық байқалды. Күрделі тапсырмалар мен жоғары бәсекеге қарамастан, ол өз мүмкіндігін толық көрсете алды. Бұл нәтиже тек жеке жетістік емес, қазақстандық білім жүйесінің әлеуетін де айқындайды.
Жас дарынның жеңісі әлеуметтік желілерде кеңінен қолдау тауып, көпшілік тарапынан жылы лебіздер айтылды. Ұстаздары мен жақындары оның бұл жетістігін үлкен еңбектің, үздіксіз дайындық пен сенімнің жемісі деп бағалап отыр.
Мұндай табыстар Қазақстанның жас буыны әлемдік аренада бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді. Ләйлімнің жеңісі көптеген оқушыларға шабыт беріп, ғылым мен технологияға бет бұруға жол ашады.
