Қазақстанда заң қабылдаудың жаңа тәртібі енгізіледі

Көркем Алдабергенова 20 қаң. 2026 14:34

Қазақстанда заңдар енді үш кезең арқылы қабылданады, деп хабарлайды Dalanews.kz тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, Парламентті реформалауға қатысты ұсыныстардың төрттен бірі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне байланысты болған. Сондай-ақ жаңа Парламентте депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау қарастырылып отыр.

«Заң қабылдаудың үш сатылы тәртібі ұсынылады. Бірінші кезеңде депутаттар заң жобасын тұтастай мақұлдайды. Одан кейін түзетулер мақұлданады. Соңғы кезеңде заң толық қабылданады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы билік институттарының жаңартылған құрылымы барша азамат үшін тең мүмкіндіктерге негізделген әділетті қоғам қалыптастырудың негізі болатынын атап өтті.

«Біз мемлекеттің институционалдық іргетасын нығайтып, “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидатына сай тұрақты саяси жүйе құрамыз. Басты мақсатымыз – осы», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, парламенттік реформа елдің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұл қадам әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсартады. Мемлекет басшысы ретінде мен бұған нық сенемін», – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қызылорда қаласында өтіп жатыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның алдағы даму бағыттарын айқындап, қоғамдық өмірге қатысты өзекті мәселелерге тоқталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove