Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 21 жастағы студент қыздың өлімінен кейін Шымкент қаласындағы полиция жұмысына тексеріс жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Telegram-дағы Egovpress арнасының мәліметінше, мемлекет басшысының сөзінен кейін бір сағат өтпей жатып, Шымкенттегі бірнеше құқық қорғау қызметкері лауазымынан айырылған. Ал кейбірі қызметінен уақытша шеттетілген.
Ақпарат көзінің хабарлауынша, бұл шешімдер президент тапсырмасынан кейін шұғыл қабылданған.
Еске салайық, әңгіме Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты болып отыр. 21 жастағы бойжеткен пышақ жарақатынан қаза тапқан. Қылмысқа негізгі күдікті - қыздың бұрыннан соңынан еріп жүрген танысы.
