Шығыстағы егін алқаптарының 40,6 пайызын бидай мен бұршақ дақылы құраса, 35,5 пайызына майлы дақылдардың еншісіне тиіп отыр. Сол сияқты өңірде мал азығын дайындау ісіне де айрықша көңіл бөлінетіні белгілі. Бұл ретте шығыстық шаруалар мал азығын дайындауға бағытталған жердің көлемі 21,5 пайызды құрайтынын айта кетуіміз керек. Сонымен қатар егістік көлемінің 1,3 пайызына картоп егілген.
Шығыс Қазақстан облыстытық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Владимир Гайламазянның айтуынша, егін жинау жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 3,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Оның ішінде қаражаттың бір бөлігі тұқым шаруашылығын қолдауға, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтердің құнын арзандатуға бағытталған.
Көктемгі егіс жұмыстарына 54 тауар өндіруші «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2 млрд 127,3 млн теңге несие алған. «Қазіргі уақытта дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толығымен аяқталды.
Жалпы 549,9 мың гектар аумақтың 488,6 мың гектары немесе 90 пайызы жиналды. Жалпы астық жинау болжамында айтарлықтай оң нәтиже байқалады.
Осы маусымда «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ жемдік және азық-түлік бидайын шектеусіз сатып алуды бастады. Сатып алу бағасы астық сапасына байланысты. 3-4 санатты бидайдың тоннасы 57-тен 70 мың теңгеге дейін болады», - делінген хабарламада.
Облыс аудандарында майлы дақылды жинау жұмыстары да басталып кеткен. Картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинаған шаруалардың жұмысы қызу.
– Қазіргі таңда жиын, терін жұмыстарын жүргкізуге облыс аумағындағы материалдық-техникалық құралдар мен басқа да материалдық ресурстар толықтай жеткілікті. Биыл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жалпы сомасы 10,7 млрд теңгеге 554 техника сатып алды. Облыстың шаруашылықтары мен элеваторларында қуаттылығы әртүрлі 90 кептіргіш, 3 248 астық жинау комбайны бар. Шаруашылықтарға 30 мың тонна дизель отыны қажет. Оның 25 мың тоннасын ҚР Энергетика министрлігі мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлген. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ауыл шаруашылығы басқармасы министрлікке қосымша 5 мың тонна дизель отынын бөлу жөнінде сұраныс жіберді, – деп сала маманы Владимир Гайламазян мәселені жіліктеп айтып берді.