Семейде 19 көпбалалы отбасы баспаналы болды

Dalanews 25 қыр. 2019 10:41 773

Қала күні қарсаңында Семейде 19 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Қаланың Қарағайлы шағынауданында орналасқан жаңа пәтерлердің кілтін тұрғындарға облыс әкімі Даниал Ахметов табыстады.

– Көпбалалы отбасыларға пәтер беру бағдарламасын бұлжытпай орындаудамыз.

Көпбалалы аналар – ұлтымыздың мақтанышы, халқымыздың байлығы.


Біз олардың алдында қарыздармыз, оларға иіліп тұрып алғыс айтып, жәрдем жасауға тиіспіз.

Осы себепті де бүгін сіздерге жаңа пәтердің кілтін табыстау мен үшін үлкен мәртебе. Облыстағы барша көпбалалы ана баспаналы болып, өз ошағының түтінін түтеуі үшін бар күшімізді жұмсаймыз, – деді тұрғындарды қоныс тойымен құттықтаған облысы әкімі.

Ал аналардың қуанышында шек жоқ. Бес баланың анасы Сымбат Нұрғалиева үй кезегін 12 жыл бойы күтіпті.  Баспаналы болуды армандаған көпбалалы ананың облыс әкімдігіне алғыстан басқа айтары жоқ.

– Бүгін біздің әулет үшін мерейлі күн.  Баспананы 12 жыл бойы күттім. Мінекей, бүгін облыс әкімінің қолынан пәтерімнің кілтін алдым.  Осы үшін де алғысымды айтамын. Бастысы балаларымның өз бөлмесі болатын болды. Балаларым кім көрінгеннің қабағына қарамай, өз үйінде асыр салып жүргенін армандаушы едім. Ұзақ күткен арманым орындалды, – дейді ағынан жарылған ана.

Салтанатты шара соңында облыс әкімі баспаналы болған көпбалалы аналардың үйлеріне кіріп, тағы бір мәрте қоныс тойымен құттықтады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар