Бизнестің қыр-сырын үйренгендердің арасында шалғайдағы аудан, ауылдардың жастары көп. Айталық, бір ғана Зайсан ауданының өзінен 40-тан астам қыз бен жігіт «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша білім-білігін жетілдіріп, барлығы бизнес жобаларын сәтті қорғап шыққан.
Жақында осы ауданның тағы 25 тұрғыны сертификатқа ие болмақшы. Жастардың бірі тігін цехын, келесісі шаштараз, сән-салон, енді бірі наубайхана ашуды көздеп отыр.
Жастар 3 күндік семинарда кез келген кәсіп неден басталады, оның тиімділігін қалай болжау керек және бастысы бизнес жоспарды қалай құру керектігін үйренген. Зайсандағы жастардың арасында ақпараттық технология бойынша кәсіп ашуды көздеген Жандос Қабдрасылов ойын былайша сабақтады.
– Ақпараттық технология саласында шағын кәсіп ашуды алдыма мақсат етіп қойып отырмын. Сол себепті семинардан есеп жүргізу, нарықты зерттеуге байланысты өзіме керек көп мәліметтер алдым, – деп зайсандық жас «Жас кәсіпкер» жобасының өзі үшін берері көп болғанын тілге тиек етті.
Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің өкілі Айдын Қайырбекұлының айтуынша, бұл жоба 3 күндік семинармен аяқталмайды, Семей қаласында 1 жылға дейін созылатын, консультативтік орталық жұмыс атқарады.
– Әрине, алыс аудандардағы жастарды Семейге ат терлетіп мүмкіндігі болмайтынын ескеріп, біздер бизнестің қыр-сырын үйренуге бет бұрған жастар үшін Семейдегі консультативтік орталықтың онлайн режимде де жұмыс істеп, кәсіп бастаған жастардың көкейінде туындаған сұрақтарға тегін кеңестер алуына мүмкіндік туғызып отырмыз, – деді жастар көшбасшысы.
Орталықтан шалғай жатқан аудан, ауылдардағы жастардың кәсіпкерлікпен айналысуға деп қою көңіл қуантады. Ісін бастаған жас кәсіпкерлер алдағы уақытта елімізд экономикалық тұрғыдан қуатты елге айналуына негіз болатынын ескерсек, «Жас кәсіпкер» жобасының ел үшін пайдасы зор болатынын бағамдауға болады.