«Шығыс салбурыны – 2026»: Бозанбайда халықаралық жарыс басталды

«Шығыс салбурыны – 2026»: Бозанбайда халықаралық жарыс басталды

Бүгін және ертең Ұлан ауданының Бозанбай ауылындағы «Бүркіттөбе» этноаумағында қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнерін дәріптейтін «Шығыс салбурыны – 2026» I Азия кубогі өтеді. Халықаралық додаға тоғыз елдің құсбегілері қатысып, ұлттық өнердің озық үлгілерін паш етпек, деп хабарлайды dalanews.kz.

8-10 қазанға жоспарланған шара аясында бүркіт, қаршыға, сұңқар және ителгі баптаған құсбегілер өзара бақ сынайды. Бағдарламада қыран құстардың жарыстары, іріктеу кезеңдері, жартылай финал мен ақтық бәсекелер қарастырылған.

Бүгін, 9 қазанда жарыстың салтанатты ашылуы өтіп, құсбегілердің спорттық киімі мен жабдықтары, құстардың күйі мен ерекшеліктері бағаланады. Сондай-ақ қыран құстарды қолға шақыру және бүркітті шыңғаға салу бойынша іріктеу сайыстары ұйымдастырылады. Күннің екінші жартысында жартылай финалдық бәсекелер өтеді.

Ертең, 10 қазанда жарыстың шешуші кезеңдерімен қатар қазақтың ұлттық ойындары да көпшілік назарына ұсынылады. Атап айтқанда, тазы жүгірту, асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу, арқан тартыс және таяқ тартыс бойынша сайыстар өтеді. Күн қорытындысында жеңімпаздар марапатталып, фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі ұйымдастырылады.

Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігі – өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерт. 10 қазан күні сағат 13:00-де басталатын концертте Joshy Qazaq National Group, Тұрар Ыдырыс және Қазыбек Әдікей Нығыметбек өнер көрсетеді.

Фестивальге қалай жетуге болады?

10 қазан күні Өскеменнен Бозанбай ауылына арнайы автобустар қатынайды.

Бірінші бағыт Өскемен теміржол вокзалынан басталып, Тұрмыс үйі, Автобасқарма, Фреш-маркет және Сәтбаев даңғылы арқылы өтеді.

Екінші бағыт Спорт сарайынан басталып, Әуезов көшесі, Өзен вокзалы, Фреш-маркет және Сәтбаев даңғылы арқылы Бозанбайға жетеді.

Автобустардың жүру уақыты – 08:00 және 09:30. Кері рейстер сағат 16:00-17:00 аралығында ұйымдастырылады. Жол ақысы – 1 000 теңге.

«Шығыс салбурыны – 2026» – ұлттық дәстүр мен спортты, мәдениет пен өнерді тоғыстырған халықаралық мереке. Барша шығысқазақстандықтар мен өңір қонақтарын Бозанбайға келіп, қыран құстардың сайысын тамашалауға және мерекелік концертке қатысуға шақырамыз.