Досхан Жолжақсыновты 75 жасқа толды: Алматы әкімі Тоқаевтың құттықтауын табыстады

Досхан Жолжақсыновты 75 жасқа толды: Алматы әкімі Тоқаевтың құттықтауын табыстады
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық артисі, театр және кино актері, режиссер Досхан Жолжақсыновты 75 жасқа толуымен құттықтады.

Мемлекет басшысының құттықтауын Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мерейтой иесіне жеткізді.

Президент өз құттықтауында Досхан Жолжақсыновтың ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына қосқан үлесіне, көп жылғы шығармашылық еңбегіне ерекше тоқталған.

"Сіз салиқалы ғұмырыңызды ұлт руханиятын ұлықтауға арнап, үздіксіз шығармашылық ізденістеріңіз арқылы зор жетістікке қол жеткіздіңіз. Дәстүр сабақтастығын сақтап, ізбасар шәкірттеріңізді тәрбиелеп келесіз", – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Досхан Жолжақсынов саналы ғұмырын театр мен кино өнеріне арнап, көптеген есте қаларлық образды сомдады. Сонымен қатар режиссер ретінде де отандық кинематографияға үлес қосып, бірқатар фильм түсірді.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық және шығармашылық табыс тіледі.