Сатыбалдымен түскен суреттерді өшіруіме саясат емес, этика себеп болды – Мұхамеджан Тазабек

Қаракөз Амантай 26 мам. 2025 10:27

Қоғам қайраткері, айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек “Уақыт көрсетеді” YouTube арнасына берген сұқбатында қоғамда өзіне қатысты айтылып жүрген пікірлер мен сындарға жауап берді. Сұхбат барысында ол дін жолындағы көзқарастары, қоғамдағы рөлі, Қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекеті мен отбасы мүшелеріне қатысты сұрақтарға егжей-тегжейлі тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сұхбат барысында журналист Тазабектің кезінде дін жолында адасқаны жайлы айтқан сөзін есіне салды. Ақын бұл ақпараттың бұрмаланып кеткенін жеткізді.

"Қоғамда тараған сөздердің көбі ол жерде болған әңгіме жөнінде емес, соған көзқарастар жайында. "Самаурынның суы ағып, Самарқанды су алды" дегендей біз ұстаздардың арасында отырып, тақырыптарды талдаған кезде соны көптеген сайт Мұхамеджан адасқан екен деп таратты. Мен күлдім де қойдым. Ал шынтуайтында, қоғамда адамдар бір-біріне қатты әсер етеді. Мен топтармен де, адамдармен де, үлкен ақсақалдармен де, жастармен де араластым. Қоғамда әр адам бір-біріне ықпал еткісі келеді. Әйел күйеуіне, күйеуі әйеліне әсер ететіні секілді, түрлі ортада жүрген соң, әрқилы әңгіме айтылуы заңды. Біз атақты адам болған соң қатарына қосқысы келіп, біз арқылы абырой жинағысы келгендер де болды. Соның себебінен осындай әңгімелер тарады. Бірақ біреуді адастырып немесе адасып кеткен жерім жоқ. Өйткені заң орындары да, ұстаздар да естіп-көріп жүр", - деді Мұхамеджан Тазабек "Уақыт көрсетеді" ютуб арнасына.

"Сонда сіздің мен адастым, дұрыс жолға түстім деген сөзіңізді қиып алды ма?", - деді журналист.

"Мені әртүрлі топ тартты, бірақ мен олардың адасуына ілескен жоқпын. Ал енді түсінбей жүрген, күмәнді сұрақтарыма мүфтият арқылы, ғалымдар арқылы жауабын таптым. Қандай топ бар соның бәріне өзіне тартты. Енді бізде әуелгі кезде "таблиғи жамағат" кең етек жайды. Сол кезде осы жамағаттың Бішкектен, басқа жақтан келген топтары телефонымды алып, шай ішсек, әңгімелессек деп шақыратын. Одан кейін "хизб ут тахрир" деген топтар шықты. Олар да өз қатарына қосқысы келді. Содан кейін Аслан Мусиннің баласы Асылбек бастаған "құраншылар" деген топ пайда болып, олардың да танымалдығы сол тұста қатты күшейіп тұрды. Бірақ ешқайсына белсене кіріп немесе ортақтасып кеткен жеріміз болған жоқ. Себебі мен ә дегенде діни ортаға жақсы адамдардың есебінен келдім. Халиф Алтай ақсақалымыз және басқа да тарихшы Сәрсенбі Дәуіт ағаларымыз да болды. Басынан өздері дұрыс бағыт-бағдар берді. Бірақ тоқсаныншы жылдардың ортасында намазға жығылғандардың арасында беделді әрі ықпалды тұлғалар өте аз еді. Біз сол кездері өте атақты болғандықтан, барлық жерде атымыз тіркеліп, айтылып жүрді", - деді ол.

Сонымен қатар журналист Тазабекке 2019 жылы Айша қызын ұзатқан кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі жазылған кітапты қызының жасауы етіп бергенін де атап өтті.

"Сол кезді есіңізге түсіріп кетсем. Қандай қоғам басшысын қадір тұтып, оған бағынса, сол қоғамда береке орнайды. Біздің басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Оның осынша жылдар бойы мемлекет үшін істеген қызметін біліп, өскелең ұрпаққа сіңіре жүруіміз керек дедіңіз. Жуырда екінші қызыңызды ұзатқан кезде неліктен сіз Назарбаевтың еңбегі жазылған кітапты жас отбасыларға сыйламадыңыз?", - деді журналист.

"Назарбаев қазір президент емес қой. Қай кезде кім президент болады, сол кездегі патшаға бағынуды насихаттаймын", - деді ол.

Осы тұста журналист Тоқаевтың кітабын неліктен бермегінін де сұрады.

"Тойда болған адамдар болса біледі, Тоқаевтың аты аталып, есімі батаның ішіне қосылды. Әрбір президенттің кітабын беру - шарт емес қой", - деп қысқа қайырды Мұхамеджан Тазабек.

Сұқбатта Қазақстанда заңның орындалмауы жиі айтылатыны және Тазабектің елдің шариғатпен өмір сүргенін қалайтыны-қаламайтыны жайлы да пікірі сұралды.

"Жалпы, зайырлылық деген керемет нәрсе ғой. Алайда мұны көбіне дінсіздік ретінде түсінгісі келеді. Зайырлылық деген тура осы замандағы қажеттіліктерден туындаған қағидаттардың жиынтығы. Шариғат деген - ол біздің дінімізде, өмірімізде, азан шақырып, ат қойған кезден, қайтыс болып, қабірге кетіп бара жатқан жаназа намазына дейін қамтып тұр ғой онсыз да. Ал енді оны Ата Заң ретінде алып шығу, қазіргі уақытта қисыны жоқ нәрсе. Шариғат дегенді мен басқаша түсінемін. Оны Ауғанстандағыдай алдыға шығару дәл қазіргі кезде пайда әкелетін нәрсе емес", - деді ол.

Сонымен қатар Мұхамеджан Тазабек ағасы Қайрат Сатыбалды жайлы да пікір білдірді. Айтуынша, оның қазіргі жағдайы жақсы.

"Өткенде анасы қайтыс болған кезде көңіл айтып, кіріп шықтық. Жалпы жағдайынан хабардар болдым. Аллаға шүкір, жағдайы тамаша. Иманды адам ғой. Енді ер адамның басына нелер келіп, не кетпейді. Сол өз тіршілігін істеп, шаруасын атқарып жүр", - деді ол.

Журналист Қайрат Сатыбалдының ұсталғанынан кейін Тазабек оның фотоларын Instagram парақшасынан алып тастағанын айтып, себебін сұрады. Ақын бұл шешімнің саяси қысымнан емес, этикалық себептен туындағанын айтты.

"Суреттің біреуі өшті. Ал қалғаны тұр. Өйткені қолайсыз суреттері болды. Оны бірден алып тастадым. Жоғарыдан ешқандай хабар келген жоқ", - деді ол.

Тазабек Қаңтар оқиғасы кезінде үнсіз қалды деген сындарға да жауап берді.

"Жалпы қоғамда дүрбелең болды. Адамдарда бір үлкен психологиялық толқулар болды ғой. Сондықтан ол жерде әділ ақиқи пікір болды деп ойламаймын. Әркім туралы әр нәрсе айтылып жатты. Бірақ мен үнсіз қалмадым. Оқиғадан 20 күн өткен соң "Асыл арнада" Ерланмен "Сіз қаңтарда қайда болдыңыз?" деген тақырыпта сұқбат жасадық. Сол жерде толық жауап бердім. Ютубта тұр. Қаңтар оқиғасында Алматыда үйімде болдым. Кейін 3-4 күннен кейін Түркияға сапарым болып, сол жаққа кеттім. Мен онда Бішкек арқылы ұштым. Өйткені Алматыда аэропорт жабық болды", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар