Сәпиев пен Есімханов текетіресіне министр пікір білдірді

Көркем Алдабергенова 27 қаң. 2026 15:12

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметтегі брифинг барысында Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналистер министрден алдағы уақытта спортшыларды мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдарға тағайындау жалғаса ма деген сұрақ қойды.

"Барлық спортшы-олимпиада чемпиондарын жаппай қызметке тағайындап жатқандай әсер қалыптасқан. Негізінде оларды саусақпен санап шығуға болады. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген небәрі екі олимпиада чемпионы ғана бар", - деді Мырзабосынов.

Министрдің айтуынша, бұл азаматтар белгілі бір басқару жолынан өткен.

"Олар депутат болды, аудан әкімі қызметін атқарды, спорт басқармаларын басқарды. Бүгінде өздері туып-өскен, тәрбиеленген ортасына қайта оралып, сол өңірлерде спортты дамытуға атсалысып жүр. Сондықтан бұл жағдайды тек спортшылармен байланыстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тергеу жүргізіп жатыр. Қорытындысы бойынша бізге нақты шешім айтылады", - деп толықтырды министр.

Еске салайық, бұған дейін Серік Сәпиев соққыға жығылып, орынбасары тергеуге алынғанын хабарлаған едік. 

Артынша желіде оқиғаның видеосы тарады. Серік Сәпиев сол күні даулы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасаған еді. 

Бұл оқиғаға байланысты Қарағандының Спорт басқармасында аудит жүргізіледі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove