Қарағанды облысының спорт саласында резонанс тудырған оқиға тіркелді. Аймақтың дене шынықтыру және спорт басқармасын басқаратын Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке шабуыл жасалып, ол түрлі дене жарақатын алған деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжал 21 қаңтар күні кешке Қарағанды қаласындағы Бұқар жырау даңғылы маңында болған.
Тергеу нұсқасына сай, оқиғаға қатысы бар негізгі күдікті ретінде басқарма басшысының орынбасары Дәурен Есімханов көрсетіліп отыр.
Айта кетейік, Серік Сәпиев – Қазақстанға танымал спорт қайраткері, Олимпиада чемпионы әрі қазіргі таңда Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі.
Ал күдікке ілінген Дәурен Есімханов та спорт әлеміне бейтаныс тұлға емес, ол самбодан Азия және әлем чемпионы атанған.
Полицияның хабарлауынша, аталған дерек бойынша «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі таңда жәбірленушінің алған жарақатының деңгейін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Қақтығысқа не себеп болғаны әзірге белгісіз. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.
