Freedom Inside '26

Сәпиевке қатысты жағдай: Қарағандының Спорт басқармасына аудит жүргізіледі

Сәпиевке қатысты жағдай: Қарағандының Спорт басқармасына аудит жүргізіледі
әлеуметтік желіден

Өткен жұмада БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қарағандыда боксшы Серік Сәпиев соққыға жығылды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жағдайға Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі пікір білдірді.

"Оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі әділ зерделеу мақсатында Спорт басқармасында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тиісті департаменті тарапынан тексеріс басталды. Сонымен қатар, басқарманың қызметіне кешенді аудит жүргізу көзделіп отыр", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.

"21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған. Қазір полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр", - деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.