«Мектептерде енді 2 пән ғана қазақша – Қазақстан тарихы және қазақ тілі, қалған барша жаратылыстану пәндері ағылшынша өтпек, орыс тілі және дүние жүзі тарихы орысша өтпек. Бұл – ұлтқа деген қарусыз, аштықсыз, т.б. физикалық түрмен емес, бірақ нақтылы рухани геноцид деп бағалауға болатын шара» делінген «Ашық хатта».
Шынымен де, хаттың мазмұны да, мағынасы да өзекті. Осының өзінен-ақ Білім министрлігі және осы ведомствоның су жаңа басшысы – қазақ тілі ғылым мен техника тілі бола алмайды дегенді аңғартып отырған жоқ па?
Ендеше Елбасының өз Жолдауында «қазақ тілі ғылым мен білім, интернеттің тіліне айналды» дегені қайда? Президент сонымен қатар 2025 жылға қарай қазақ тілі өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, күнделікті қатынас тіліне айналатынын айтқан. Бәлкім Сағадиев мырза Елбасының Жолдауымен таныспаған болар. Кім біледі...
Хатты ұйымдастыруға бастамашы болған қоғамдық белсенді Руза Бейсенбайтегінің айтуынша, «Ашық хатқа» қол қойған адамдардың саны қазірше 1000-ға жетіпті. Біздіңше мұның өзі аз.
Бұдан бұрын ендігі жерде бұл хатқа салмақ керек. Ендеше Білім министрлігінің не «бүлдіріп» жатқанын естіп, біліп отырған зиялылар қауымы неге үнсіз? Қаламгер Дулат Исабеков, актер Асанәлі Әшімов сияқты елге танымал тұлғалар «Ашық хатқа» қол қойса, оның маңызы да, салмағы да артар еді.
Руза Бейсенбай-тегінің айтуынша, әзірге аты мәлім зиялылардың көпшілігі аталған Ашық хатқа қол қоймапты. Бір-екеуіне хатты жолдап да көріпті, алайда жауап келмеген...
Дәл қазір бұл хатқа зиялы қауымның қолдау танытуы аса маңызды. Біз зиялылардан турашылдық пен шынайылықты күтеміз, жалтақтаудың заманы өтті.
Сталин заманындағы «Бесеудің хаты», Конституциядан орыс тілін алып тастау туралы Мұхтар Шаханов бастаған «138-дің хаты» қандай маңызды болса, бұл «Ашық хат» та сондай маңызды әрі өзекті.