«Рухани жаңғыру»: «ASAR» форумы үш тараптың басын қосты

Dalanews 06 шіл. 2018 05:44 949

Үкіметтік емес ұйымдар, бизнес және мемлекеттің ынтымақтастығының дамуына жаңа серпін беріп, ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқылайтын «ASAR» ҮЕҰ-бизнес-мемлекет үш жақты ынтымақтастық форумы «Өңірлердің тұрақты дамуына жергілікті қоғамдастықтардың қосқан үлесі» тақырыбы бойынша Талдықорған қаласында өткізілді.

«ASAR» үш жақты серіктестік форумы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құрамдас бөлігі. Жыл сайын ҮЕҰ бизнес пен мемлекет арасындағы диалог алаңына айналған. Форум жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерді шешуде бизнес, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдардың күш-жігерін белсенді етуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстардың алға басуына Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы оң ықпал етіп отыр. Бағдарлама аясындағы «Туған жер»  жобасы азаматтар мен ҮЕҰ бизнесмендерді маңызды проблемаларды шешуге, ұлттық патриотизмді дамытуға жұмылдырады. ҮЕҰ үшін де, бизнес үшін де әлеуметтік жобаларда  негізгі серіктес мемлекет екені жасырын емес.



Осындай мақсатта биыл форум Талдықорған қаласында ұйымдастырылды.

Алқалы жиынға 300-ге жуық отандық, халықаралық ҮЕҰ, ірі бизнес құрылымдар, орталық және мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.  Сонымен бірге сарапшылар қауымдастығының 13 өкілі арнайы келді. Оның 10-ы – отандық, 3-еуі шетелдік мамандар.

Форум барысында шеберлік сабағы, case-study оқыту семинарлары, дебаттар өткізіліп, «SmartЖетысу» оқу-әдістемелік зерттеулері мен  пікірталас отырысы ұйымдастырылды. Қатысушылар ауылды аймақтарды дамыту мәселелерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды жоспарлау, ҮЕҰ-ғы заманауи басқаруды өңірлердің тұрақты дамуындағы оның тиімді факторы, «Өңірлерге арналған әлеуметтік бастамалар», «Жергілікті өзін-өзі басқару – тұрақты дамудың негізі» және «Жергілікті қоғамдастық және инновация»  сияқты ауқымды тақырыптарды  талқылады.

Солардың бірі Болгария мемлекетінің «Жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау» қорының сарапшысы да өз ойымен бөлісті.

«Өмір әр уақытта әр сектордың белсенділігіне мұқтаж. Өйткені әр сектор өзі үшін жұмыс істейді. Бірақ бәрі бірікпеген соң көңіл көншітерлік нәтиже болмайды.  Сондықтан мен екі күн бойы мұнда келгендер өздеріне серіктес тауып, тың жобаның механизмі мен моделін дайындайды деп ойлаймын. Мен мысалы әріптестеріме «Инклюзивті жоспарлаудың жүйесі» атты болгарлық үлгіні ұсынамын. Оным осындағылар үшін тиімді болуы мүмкін. Мен де өз кезегінде қазақстандықтардың озық тәжірибелерін еліме алып қайтамын», – дейді Александр Михайлов.

Тиімді болып отырған үш жақты серіктестіктің тиімді үлгісімен «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту» қорының менеджері Татьяна Немцан да бөлісті.

«Елдегі азаматтық секторлар бүгінде аса зор әлеуметтік бастамаларды іске асырып отыр. Еліміз үлкен болғандықтан әр өңірде өзіне тән шешімін күткен мәселелер бар. Соны осындай форумдарда айқындап, үш жақты бірлескен күшпен алға қойған мақсатқа жетуге ықпал етеді», – деді.

Пленарлық сессия жұмысын Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев ашты.

Ол алғысөзінде  «Алматы облысы үкіметтік емес ұйымдар Жергілікті қоғамдастық қорын құру бойынша арнайы жоба әзірлеген және оны тәжірибе жүзінде іске асырған еліміздегі алғашқы өңір»,  деп атап өтті. Сонымен қатар «әлеуметтік идеялар платформасының» шеңберінде кәсіпкерлерден қолдау тапқан жобалармен танысты.

Форумға 216 өтінім келіп түскен, оның ішінен 141 жоба іріктеліп алынды. Сегіз жоба, яғни ұйымдардың құны 4,6 млрд теңге болатын төрт жоба  кәсіпкерлер тарапынан қолдауға ие болады. Атап айтқанда, Талдықорған қалалық «Қамқор» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ұсынған «Шексіз би», «Қарасай ауданынан «Балатай» ҚБ-ның «Мұраны дамытамыз – туризмді және өзімізді дамытамыз» жобасы, Кербұлақ аудандық «Қамқор» мүгедектер қоғамы» ҚБ-ның «Мүмкіндігі шектеулі және ДЦП-мен ауыратын балаларға арналған оңалту орталығы» жобасы және Көксу аудандық «Үш ұрпақ» ҚБ-ның «Үш ұрпақ» жобасы.



Осы жобалар азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Мысалы, «Нақты көмек» қоғамдық қорының жобасы (Жамбыл облысы) мүмкіндігі шектеулі жандарды пішіп-тігуге, қолөнерге, тоқыма ісіне, құрақ өнеріне үйрету және әрі қарай жұмысқа орналастыруды қарастырады.

Жалпы, Алматы облысында қазіргі кезде 415 үкіметтік емес ұйым бар. Өткен жылы әлеуметтік мемлекеттік тапсырыстарды орындауға облыста 414,5 млн теңге бөлінді, оның 100,0 млн теңгесі ҮЕҰ-ларды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар өткен жылы үкіметтік емес ұйымдарға арналған Консалтинг орталығы ашылды. Орталық жұмысын жүйелендіру мақсатында 2018-2020 жылдарға 60 млн теңге қарастырылған.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша форумда ҮЕҰ, бизнес және мемлекеттік органдар арасында меморандумға қол қою рәсімі өткізіледі. «ASAR» форумының нәтижесі бойынша сегіз құжатқа, оның ішінде ҮЕҰ мен бизнес арасындағы серіктестік туралы жеті меморандумға және Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен «Атамекен» ҰКП арасында серіктестік келісіміне қол қойылды.

Айта кетейік, алғашқы «ASAR» форумы 2017 жылы Атырауда өткен болатын. Форум өңірлердегі үш жақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін және қарқынын көрсетуге серпін береді екен. Сондықтан «әр жылы  жаңа өңір» қағидасы бойынша өтуде. Екі күнге созылған форумның ұйымдастырушылары,  ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, «Атамекен» ҰКП және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАҚ болып табылады.

Балжан Қайратқызы, Алматы облысы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар