Қосановтың айтқанына қосылғаннан басқа алып қосарымыз жоқ. Қазақтаймсқа сұхбат берген саясаткер қазіргі жағдайымызды қалай бар солай сипаттап беріпті. Қазіргі күйіміз қандай сонда? Кетеуіміз кеткен. Халық «Хабардың» сыңаржақ ақпаратына алданудан қалған әлдеқашан. Халық бүгінмен өмір сүргісі келеді, халық бүгін жақсы өмір сүргісі келеді. Солай. Әміржан Қосановтың сұхбатын ықшамдап ұсындық.
Билік пен экономиканы кландар бөліп алған
Назарбаев өкілеттілігінің бір бөлігін парламентке, үкіметке бөліп берем деді.
Бұл идея күні кеше пайда болған жоқ, бұрыннан айтылып келе жатыр. Кезінде Қазақстанда мықты оппозиция болды. Билік бізден именді, бізбен санасуға мәжбүр болды! Өйткені біз бірге болдық! Біздің бір саяси талабымыз да осы болды, яғни суперпрезиденттік биліктен бас тартып, биліктің үш тармағының тепе-теңдігін жасау.
Бір қызығы осы көзқарасты президент те осыдан ертерек қолдап, ресми мәлімдеген. Бірақ бәрі сөз жүзінде қалып келді. Осыдан екі жыл бұрын президент мұны қайтадан айтты.
Шынымды айтсам, бұл жерде мен сол кезде президентке кеңесші болған Тони Блэрдің ықпалын көріп отырмын. Ол елбасына: «Еуропалық өркениет болған соң қалай болғанда да мына авторитарлық жүйеден басқа жүйеге көшу керек. Еуропалық одаққа жақындау үшін бетіңіз ашық болу керек» деген болса керек, әйтеуір бір ілгерілеушілік болған сияқты. Қоғам ол бастаманы қолдады да.
«Айтылған сөз атылған оқпен тең» дегендей қалай болғанда да мұны жүзеге асыру керек болды. Оның үстіне барлық билікті бір қолына шоғырландырып, суперөкілетті «екінші Назарбаевты» біздің саяси жүйе көтере алмайды. Сондықтан да реформа керек.
Президенттің өзі қазіргіден өзгеше жағдайда билікке келді. Ол кезде ықпалды Жоғарғы Кеңес болды. Президент өз аяғымен барып, депутаттардың алдында есеп беріп жүрді. Қазіргідей кландық жүйе болмады. Демократяның бірқатар нышандары бар еді. Ал қазір, яғни, билікті транзит кезеңі алдында жағдай мүлдем басқаша.
«Екінші назарбаев» мүлдем басқа саяси ахуал тұсында билікке келейін деп отыр.
Қысқаша айтсақ, диагноз мынадай: билік пен экономиканы кландар бөліп алған, елде билікті бүгін алуға дайын 4-5 клан бар, ресми оппозиция жоқтың қасы. Осындай жағдайда бір клан бас билікке қол жеткізсе, арты соғысқа ұласып кетуі мүмкін.
Өйткені, бір-бірімен терезесі тең олар ертең бір-бірін қудалай бастайды. Оның арты жақсылыққа апармайды! Болашақ президенттің қасында «сен тұр мен атайын» деген бәсекелестері тұрады. Қаржы жағынан да, жас жағынан да, бедел жағынан да, қазақшылдығы, ресейшілдігі, батысшылдығы жағынан да олардың саяси салмағы бірдей. Меніңше, елбасы өзінің маңайында шартты түрде төрт клан болса, төртеуін шақырып алып, билік тармақтарын өзара үлестіріп беретін сияқты. Яғни, ешкім де ренжімейтіндей болуы тиіс. Президенттік, парламенттік, үкіметтік, сот жүйесі сияқты тармақтар, сөйтіп, әр кланның қолына көшеді.
Байқап отырсақ, осы жоба жүзеге асу үшін, елбасы осы конституциялық реформаны жасағысы келгендей.
Бірақ, менің пайымдауымша, жеме-жемге келгенде, «осының бәрін қайтесіз, елдегі билікті өйтіп бөлшектеуге болмайды, бір адамға тапсырсаңыз, бәріміз де соның айтқанын істейміз. Оның алдында ресми оппозицияны құртайық. Президенттікке өз-өзін ұсыну құқын алып тастайық, сол кезде ешкім де бізге кедергі жасай алмайды, кез келген адамыңызды ың-шыңысыз сайлап аламыз. Өзіміздің маңдағы кландардың ішіндегі ең беделділеріне компромат жинап, ауыздарын жаптырайық. Сіз саспаңыз, Нұреке» деген ақылмандардың сөзі өткендей.
Өйткені, Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістерді мен толыққанды, тиімді әрі заман талабына сай деп айта алмаймын. Бейнелеп айтсам, «бір қадам ілгері, екі қадам артқа» болып отыр!
500 млн. ақша емес пе?!
Біраздан бері БАҚ беттерінде Ұлттық қордың 22 млрд доллары АҚШ-та бұғатталып қалғандығы шу боп жатыр. Осы мәселенің бір жағы әлі де құпия.
Сол молдаван кәсіпкерін біздің мұнай саламызға алып келген, жоғарғы кабинеттерге кіргізіп, сол жақтың батасын алуға көмектескендер кім?! Егер де ол кәсіпкердің құқығы бұзылса, оған кінәлі кім? Жеке компания ма әлде мемлекеттік компания ма? Жеке болса, онда неге бюджет жауап беруі тиіс? Ал мемлекеттік компания болса, нақты қай басшы не шенеунік? Ол талап етіп отырған 500 миллион доллар қайдан пайда болды? Міне, осы сауалдарға ашық та бүкпесіз жауаптар берілуі тиіс! Онсыз бәрі де бос сөз боп қалады!
Мұнай саласына кім көрінген кіре алмайды.
Осы скандалдың артында өте беделді тұлғалар мен топтар тұруы мүмкін!
Сондықтан да мәселеінң анық-қанығына жетіп, ел бюджетіне орасан зор нұқсан келтірмеу үшін тәуелсіз, құрамында қоғам өкілдері бар комиссия құрылуы тиіс. Оның жұмысы барлық БАҚ-та жан-жақты көрсетілуі керек.
Жақында Әділет министрлігі осыған байланысты комментарий берді. Сонда мені таң қалдырған бір нәрсе бар, яғни, біздің шенділер «аса үлкен қауіп жоқ, 22 миллиард доллар бұғатталса да, өзімізде қалады, асып кетсе, Статидың талабындағы қаржыны төлей салармыз» деген сыңайда сөз айтып отыр! Ал ол дегеніңіз, анау-мынау емес, 500 миллион доллар!
Олай болса, сотта жеңіліп жатсақ, сол соманы Ұлттық қорға немесе Қазақстанның шетелдегі басқа да активтеріне салмай, осы жағдайдың пайда болуына тікелей кінәлі адамдардан өндіріп алу керек!
Мәселенің тағы бір қауіпті жағы бар; елдегі бизнес қандай жағдайда жүріп жатқанын біріміз білеміз – коррупциясыз ешнәрсе жүзеге аспайды. Ал енді біздің шенеуніктерге реніші, ашуы және сот талабы бар жалғыз осы Стати ма? Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көріп жүрмейік!
Біз қандаймыз және қандай едік?
20 жыл бұрын да біз оппозициялық митингілерге шыққанбыз. Конституциялық өзгерістерге қарсы болғанбыз. Заманбек пен Алтынбектің қазасынан кейін бас көтергенбіз, Жаңаөзеннен кейін Абай ескерткіші алдына шыққанбыз. Сол кезде 1 жарым миллион халқы бар Алматыда алаңға 3-4 мың адам ғана шығатын. Әрине налисың. Себептері не?
Мұның бірнеше себебі бар. Бірінші себеп - салыстырмалы түрде (мен бұл жайтты баса айтқым келіп отыр!) осы күнге дейін мұнайдың арқасында, газдың арқасында әлеуметтік деңгей өте төмен деңгейде болса да, біршама болса да, қамтамасыз етіліп келді. Барлығы қазақтың шүкіршілдігі мен тәубашылдығында деп санаудан аулақпын. Әрине, жалақы, зейнетақы жоқ десе, жұрт шығады көшеге. Әзірше – бар. Әрине, өте аз. Бірақ бар.
Алайда, жағдай күннен-күнге ушығып, мемлекет бюджет сарқылып бара жатқанын да ескеруіміз керек!
Екінші себеп – ресми үгіт-насихатта. Күнделікті жағымды хабар көрсетіп, теледидар елдің санасын улап жатыр. Әбден зомби еткісі келеді. «Жаңа зауыт ашылып жатыр, жаңа жұмыс орындары пайда болды» дегенге әлі де біраз адам сеніп келе жатыр. Бірақ ондай насихаттың заманы кетіп бара жатыр. Қазір жаңалықтың бәрін мынадан біліп алады (телефонын көрсетіп – ред.). Бұрын қоғам мен ақпарат арасында ресми БАҚ-тың фильтрі тұратын. Қазір жұртшылық кез келген ақпаратқа өзі тікелей қол жеткізеді. Ал ол айнада – Интернет, әлеуметтік желілер, мессенджерлер – өмір өзінің шынайы қалпында, ешбір боямасыз көрсетіліп жатыр! Осыдан барып, елдің жемқор әрі былыққа батқан билікке көзқарасы қандай боларын өзіңіз біле беріңіз!
Үшінші себеп бізде, оппозицияда жатыр деп ойлаймын. Яғни, оппозиция қазіргі таңда ұйымдық түрде бірлік танытып, ел ішіндегі наразылық әлеуетті бір арнаға тоғыстыра алмай жатыр! Қазір саяси түрде саяқ жүрсем де РНПК мен ЖСДП партияларының басшылығында болдым.
Бүкіл оппозицияны біріктірген «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының бас хатшысы болдым. «ЖСДП Азат» партиясының бас хатшысы болдым. Сондықтан оппозицияға айтылып жүрген бар кінәға менің де қатысым, жеке жауапкершілігім бар. Оны мен мойындаймын. Бірақ мен ешқашан да жеке бас мүддемді ортақ мүддеден жоғары қойған жоқпын. О жағынан арым таза! Бірақ оппозицияға келген бастықтардың бір ауруы бар, оның аты – шексіз әрі көп жағдайда тіпті орынсыз, ретсіз амбиция!
«Мен ғана президент боламын, мен ғана төраға боламын, мен ғана басшы боламын, мен тізімде бірінші тұрамын» - сондай кеудемсоқтық бар.
Біздің кейбір әріптестер кезінде сөйтіп, нәтижесінде біз жалпы оппозицияның халық алдындағы беделін түсіріп алдық. Ашынған халықты біріктіре алатын саяси күш болмай тұр.
Жаңаөзендегі мұнайшылар президентке қарсы шыққан жоқ
Соңғы араб елдерінде болған, парсы елінде болып жатқан оқиғалардың мән жайына қарасаңыз, оның артында үш фактор тұр. Бірінші фактор - экономикалық фактор. Яғни ол жерде тұрған біреулер ең басында: «Мен Аятоллаға, оның саясатына қарсымын» деп шыққан жоқ. Жұмыртқа бағасының қымбаттағанына қарсы шықты.
Біздің Жаңаөзендегі мұнайшылар президентке қарсы шыққан жоқ. Оппозицияны қолдап шыққан жоқ. Мен екі-үш рет бардым әріптестермен Жаңаөзенге.
Бізге алаңда жеті ай бойына тұрған мұнайшылардың айтқаны: «Үкімет бекіткен коэффициентке сай лайықты жалақымызды берсін» деді. Яғни экономикалық жағдайдың нашарлауы ең алдымен дәл сол экономикалық талап қоюға алып келеді. Бірақ арты саяси талаптарға ұласып кетіп жатқанын соңғы оқиғалар ап-айқын көрсетіп отыр!
Екінші фактор саяси сипаты бар. Өйткені шетелдік БАҚ көрсетен видеоларды қарасаңыз – олар да саяси ұрандарды көтеріп отыр. Яғни олар мәселенің жұмыртқада емес екенін түсініп отыр, жұмыртқа – елдегі саяси ахуалдың жекелелен бір салдары ғана. Яғни қазіргі саяси жүйеде әлеуметтік мәселелер міндетті түрде саяси ұрандарға алып келіп отыр.
Үшінші фактор - қазіргі ақпарат инфрақұрылымында. Дәлірек айтсам, барлық ресми БАҚ таралымынан әлдеқашан асып кеткен Интернет пен әлеуметтік желілерде. Осы әлеуметтік желі футболдағы форвард сияқты ақпарат алаңының «шабуылшысы» болып келе жатыр. Ол ақпарат таратып қана қоймай, наразылық акцияларын ұйымдастырып, бағыттай алатын қоғамдық-саяси күшке айналып бара жатыр!
Ел не дейді, Елбасы не дейді?
Иранда болған толқулар Қазақстанда болмайды деп кім кесіп-пішіп айта алады?! Ешкім де айта алмайды! Иранда шешуші роль атқарған факторлардың үшеуі де қазір Қазақстанда жоқ деп кім айта алады? Қараңыз, Жаңа жыл басталды, ай соңында халық жаңа коммуналдық квитанцияларды алады. Тарифтер болса, күрт өсіп, ешбір тоқтаусыз шарықтап жатыр! Оған қоса дүкендегі бағалар да көтеріліп жатыр. Айлық пен зейнетақы болса, сол қалпында.
Кешегі елбасы жолдауын алыңыз. Жолдау техникалық емес, саяси құжат болуы керек!
Бірақ, бұл жолы халық өзіне жаны ашитын, өзінің сойылын соғатын президентті көрген жоқ.
Халық өзінің үкіметіне кезекті бір тапсырмаларды беріп жатқан басшыны көрді. Егер де президент столды қойып қалып: «Ей, айналайын үкімет, мынау не болып жатыр өзі? Халқымның жағдайы төмендеп кетті ғой! Сендер маған жалған ақпарат беріп жатыр екенсіңдер ғой! Елім азып-тозып кетіпті! Үкімет, кет! Парламентке жаңа, үкіметке тиімді бақылау жасай алатын партиялар келсін!» деп айтқан кезде президенттің рейтингі 200 пайызға өсіп кетер еді!
Өкінішке орай, президент маңайындағы ат төбеліндей ғана топтың айтқанынан шыға алмай қалды. Мұның өзі елдегі жағдайға объективті баға беріп, тиісті шешім қабылдауына өз кесірін тигізіп отыр. Бұл жылдың сценарийі қиын болуы мүмкін. Баға өсіп, жағдайы қиындап, ашынған жұрт үнсіз отыра қоймас. Тығырықтан шығатын биліктің нақты бағдарламасы, жоспары жоқ! «2030, 2050»-де бәрін де жарылқаймыз!» деген стратегияларға ел сенуден қалды! Бізге ұзақ мерзімді стратегиядан, мәселені бүгін, дәл қазір шешетін мықты тактика керек! Әйтпесе, іс насырға шабуы мүмкін!
Билік: «Ел ішіндегі оппозицияны құртып тындық! Әблязов шетелде. Еш жақтан қауіп жоқ!» деп өзін-өзі алдап отыр.
Иранда да халық көшеге елдегі ресми саяси партияның ұйымдастыруымен шыққан жоқ! Халық өзі шықты. Оның ішінде, орталық қалалар емес, аймақтағы жұрт шықты! Жағдай өзгермесе, билік өз халқымен санасуды бастамаса, ешбір ресми партияның үндеуінсіз-ақ қазақтың «Спартагы» не «Ленині» шыға келеді, оның соңына еретін жұрт та табылады! Сол кезде билік оппозициялық партияларды жауып тастады ма, тәуелсіз БАҚ-тың көзін құртты ма, билік сыншыларын шетел асырып жіберді ме, соттап жіберді ме - оның бәрі түк болмай қалады! Билік: «Қарсылық акциялары болса, басып, жаншып тастаймыз!», - дейтін болар.
Мен билікке бір нәрсені айтқым келеді: егер де алда-жалда сондай наразылық кезінде бір қазақтың көзі шығып, басы жарылатын болса, оның арты жалпыхалықтық шеру боп кетуі ықтимал. Қазіргі ақпараттық технологиялар мен мүмкіндіктер заманында ондай сорақылықты жасырып қала алмайсың! Халық қозғалса, хан да қозғалып кетеді!