Жанібек Әлімханұлының допинг дауы: министрлік тергеу аяқталмай тұрып қорытынды жасамауға шақырды

Көркем Алдабергенова 03 жел. 2025 13:17

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты шыққан допинг дауға пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта ведомство Жәнібектің командасымен тұрақты байланыста. Шенеунік оқиғаны сараптауға асықпай, ресми тергеу қорытындысын күтуді ұсынды.

«Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегіне қатысты мен бұған дейін де пікір білдірдім. Қазір Туризм және спорт министрлігі Жәнібектің командасымен байланыста. Өкінішке қарай, ұйымдастырушылар оның сынамасынан... тыйым салынған зат анықталғанын хабарлады. Салдарынан жекпе-жек тоқтатылды. Дегенмен біз оның допинг қолданбағанына сенеміз және сенімдіміз. Ол заттың ағзасына қалай түскені әлі анықталуы керек. Бұл мәселемен антидопингтік ұйымдар айналысады. Қорытындыға асықпауға кеңес береміз. Антидопингтік тергеу толық аяқталсын. Қажет болған жағдайда министрлік халықаралық сарапшыларды тартуға дайын», – деді вице-министр.

Жәнібек Әлімханұлы 6 желтоқсанда Куба боксшысы Эрисланди Ларамен жекпе-жекке шығуы тиіс еді. Алайда кездесудің болмайтыны ресми түрде хабарланды. Бұған себеп қазақстандық боксшының анализінен мельдоний атты тыйым салынған препарат табылғаны.

Ведомство өкілдері тергеу нәтижесі шықпай тұрып боксшыға айып тағу дұрыс емес деп санайды. Жарасбаевтың айтуынша, қажет болған жағдайда Министрлік Жәнібекке қолдау көрсетіп, халықаралық деңгейдегі сарапшыларды да тартуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар