Батыс Қазақстан облысы әкімдігі оралдық мұғалім Айнұр Сабырға қарсы арызын кері қайтарды. Бұған дейін облыс басшылығы мұғалімге су тасқыны кезінде әлеуметтік көмек ретінде берілген үйін тартып алмақ болған еді. Мәселенің мән-жайын Айнұр Сабыр Dalanews.kz редакциясына баяндады.
Мұғалімнің айтуынша, күні кеше әкімдік арызын кері қайтарып, сот тыңдауы болмайтыны туралы хабарлаған.
“Арыз қазан айының соңында келді. Үндеуімді көпшілікке жарияламас бұрын оны қабылдай алмадым. Сол кезде не болғанын түсінбей, мең-зең күйге түстім. “Неліктен менің үстімнен арыз берілді? Неге бұлай болды?” деген ойлар мазалады. Сену қиын болды”, – дейді Айнұр Сабыр.
Мұғалім бұған дейін соттың тек үш дайындық рәсімі болғанын және ол барлығына қатысқанын атап өтті. Алайда нақты сот тыңдауы болмаған.
“Жағдай толық шешілді деп айта алмаймын. Дегенмен оң шешім табады деген үміт бар. Себебі менің еш кінәм жоқ және өзіме тағылған айыпқа келіспеймін”, – дейді ол.
Мұғалім тасқын кезінде қалалық әкімдіктің халыққа көрсеткен көмегін де жоғары бағалады.
“Әлеуметтік желідегі жазбаларымда атап өткенімдей, қалада су тасқыны кезінде жақсы әрі тиімді жұмыстар жүргізілді. Қалалық әкімдік халықтың әл-ауқатын жақсартуға бар күшін салды. Шын мәнінде, әр жақтан арыз түсіп, халық сасып қалған жағдайда, жергілікті әкімдіктерден көмек сұрады. Сол уақытта мен де зардап шеккендердің қатарында болып, әлеуметтік көмек алдым”, – деді Айнұр Сабыр.
Әділетсіздікпен күресте ең қиын нәрсе – өзіңнің әділ екеніңді дәлелдеу, дейді мұғалім.
“Осы сынақ кезінде айналамда жақсы адамдар бар екеніне көзім жетті. Әлеуметтік желіде таныстарым, белсенді педагогтер мен достарым қолдау көрсетті. Олар менің әділетсіз жағдайға тап болғаныма алаңдап, үнемі хабарласып, мәселенің шешілуіне көмектесті”, – деп қосты ол.
Мұғалім ақпараттық қолдаудың маңыздылығына да тоқталды.
“Менің үндеуім қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оның үкіметке жетуіне қарапайым азаматтардың қолдауы себеп болды. Ақпараттық қолдаудың күші зор екен. Dalanews.kz және басқа сайттардың редакторлары, жергілікті журналистер хабарласып, мәселемді жан-жақты жеткізді. Кейбірі бағдарлама әзірлеп жатқанын айтты. Оқу-ағарту министрлігінен де жағдайымды біліп, қолдау көрсеткен адамдар болды”, – деп қосты ол.
Айнұр Сабыр бұл жағдайдың көпшілікке сабақ болатынына сенімді.
“Алдағы уақытта мен сияқты зардап шеккендерге қауіп төнбейтін шығар. Себебі халықтың үнін ескеріп, арнайы комиссиялар жағдайды бақылап, көріп отырды. Сондықтан бұл іс бойынша жаңа ақау тумайды деп ойлаймын”, – деді Айнұр Сабыр.
Бұған дейінгі жағдай
Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласының тұрғыны әрі мұғалім Айнұр Сабыр БҚО әкімі Нариман Төреғалиұлының әрекетіне шағымданып, Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына ашық үндеу жолдаған еді. Ол былтырғы су тасқыны кезінде берілген жаңа үйді облыс басшылығы “заңсыз берілген” деген желеумен сот арқылы тартып алмақ болып жатқанын мәлімдеді.
"2024 жылы Орал қаласын су басқан кезде аса ірі көлемде зардап шектім. Орал қаласы аумағында орналасқан, ішіне газ, жарық, су тартылған үлкен қысқы үйім суға кетіп, бір ай бойы су астында тұрды.
ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың “Су тасқынынан зардап шеккендер үйсіз қалмасын” деген тапсырмасына орай, Орал қаласы әкімдігі 2024 жылы жарамсыз үйдің орнына үй беріп, шығындарымызды өтеген болатын”, - деді ол.
Оның айтуынша, барлық тексеруден өткен құжаттар комиссия тарапынан расталып, мамандар үйді “тұруға жарамсыз” деп таныған. Осылайша арнайы комиссиялар “үй берілсін” деген шешім шығарған.
“Алайда бір жылдан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы тұрғындарды сотқа беріп, Орал қаласы әкімдігі берген үйді заңсыз деп тануды сұрап отыр”, - деп қосты ол.
Сөзінше, төтенше жағдайдан зардап шеккендерге Президенттің тапсырмасымен еліміздің кәсіпкерлері көмектескен.
“Маған да қала әкімдігіне суға кетуден зардап шеккен тұрғындарға демеушілікпен “Alageum” зауыты алып берген үйлердің бірі берілді. Үйдің кілтін зауыт директоры Дүрен мырза ұлым екеуімізге өз қолымен табыстаған болатын”, — деді ол.
Айнұр Сабырдың сөзінше, БҚО әкімі Нариман Төреғалиев бұл үйлерді “заңсыз берілген” деп танытпақ.
“Енді зардаптың қара бұлты сейіліп, бастан өткен ауыр жағдайды ұмыта бастасақ, облыс әкімі өз тұрғындарына озбырлық көрсетіп, тісін батырып отыр”, - дейді ол.
Әкімдік жауабы
Аталған жағдайдан соң Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Dalanews.kz редакциясына түсініктеме берді.
“БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген талдау нәтижелері бойынша Орал қаласы әкімдігі жанындағы комиссияның жекелеген мүшелері тарапынан БҚО аумағындағы су тасқыны салдарын жою кезеңінде саяжай алаптары тұрғындарына тұрғын үй бөлу және келтірілген залалды өтеу барысында заңға қайшы әрекеттер жасалғаны анықталды. Талдау материалдары комиссия жұмысын заңнамаға сәйкестендіру бойынша тиісті шаралар қабылдау мақсатында облыс әкіміне жолданды”, — деді БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдік қазіргі уақытта тек сот арқылы мәселенің түпкілікті шешілетінін және заңға сәйкес әрекет етіп жатқанын жеткізді.
“Келіп түскен талдау материалын жан-жақты қарап, заңды шешім қабылдау үшін комиссия құрамында болған екі адамға қатысты сотқа талап-арыз берілді. Бұл мәселе бойынша баға беру және шешім шығару соттың құзіретіне жатады.
Бұл ретте, аталған жағдайға түпкілікті баға беруге құзыретті орган - тек сот, ал фактілерді бұрмалап, қоғамда жалған түсінік қалыптастыратын кез келген жария мәлімдемелер сот төрелігіне қысым жасау әрекеті ретінде қарастырылуы мүмкін”, — деді олар.
