Компания басшылығы 80 мың қызметкері бар, жылдық бюджеті мен Ұлттық қорға аударымдары 2,3 трлн теңгені құрайтын ірі холдингті басқару үшін мұндай құрылым қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚМГ жауабы: орынбасарлар не үшін қажет?
NegeAqsha телеграм-арнасы компанияға ресми сауал жолдап, мәселенің мән-жайын сұрап көрген. Жауапта басқарма төрағасының әр орынбасары стратегиялық маңызды бағыттарға жауапты екені айтылған.
“ҚазМұнайГаз – еліміздегі жетекші вертикалды интеграцияланған мұнай-газ компаниясы. Ол геологиялық барлау, өндіру, қайта өңдеу, мұнай тасымалдау, мұнай-химия, мұнай сервисі, мұнай және мұнай өнімдерін маркетингтеу, сондай-ақ төмен көміртекті даму бағыттарында жұмыс істейді. Ауқымды өндірістік циклді қамтуы басқару жүйесіне кешенді тәсілді талап етеді”, – делінген ресми хабарламада.
ҚМГ мәліметінше, басқарма төрағасының орынбасарлары келесі бағыттарға жауапты:
- Мұнай өндіруші өңірлердегі әлеуметтік тұрақтылық пен өндірістік қатынастарды басқару;
- Геологиялық барлау және мұнай өндіру;
- Ірі мұнай-газ жобалары;
- Газ жобалары және төмен көміртекті даму;
- Мұнай өңдеу және маркетинг;
- Мұнай тасымалдау;
- Экономика және қаржы;
- Стратегия, инвестиция және бизнесті дамыту, мұнай-химия;
- Құқықтық қамтамасыз ету, корпоративтік қауіпсіздік, халықаралық ынтымақтастық және санкциялық мәселелер.
Басқару құрылымы қысқарды ма?
ҚМГ басқару құрылымы икемді екенін, тіпті бизнес ауқымы кеңейгеніне қарамастан, басқарушы қызметтер саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда қысқарғанын мәлімдеді.
"Бұрын басқару салалары аз болған кезде, әкімшілік аппарат қазіргіден де ауқымды еді", – деді компания өкілдері.
Сонымен қатар ҚМГ SOCAR, "Газпром" және "Татнефть" сияқты халықаралық мұнай-газ корпорациялары да осындай басқару тәжірибесін қолданатынын атап өтті.