Каспий Құбыр консорциумының (КҚК) акционерлері "Кропоткинская" мұнай айдау стансасына (МАС) жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолдауға дайын. Бұл туралы 2025 жылдың 25-26 ақпанында Абу-Дабиде өткен жинында белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"КҚК бас директоры Николай Горбан баяндама жасап, МАС-тың зақымдануы, жабдықтың ағымдағы жай-күйі, мердігерлерді жұмылдыру деңгейіне қатысты мәліметтерді ұсынды. Консорциум акционерлері жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты кез келген мәселелер бойынша шараларды қолдауға дайын екендіктерін білдірді. Жөндеу жұмыстары шамамен екі айға созылады деп күтіледі", делінген хабарламада.
КҚК теңіз терминалында 2024 жылы 63 млн тонна мұнай тиелген болатын. 2024 жылы аталған жүйе бойынша мұнай тасымалынан түскен түсім 2,3 миллиард долларды құрайды. 1,3 миллиард доллар дивиденд ретінде төленді. 23 ақпандағы жағдай бойынша КҚК теңіз терминалынан CPC Blend сортындағы 9,8 млн тонна мұнай 89 танкерге тиелді.
2025 жылғы 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) маңызды мұнай нысаны – "Кропоткинская" мұнай айдау станциясы дрондардың шабуылына ұшырады.
Ресми мәліметке сәйкес, станция персоналы арасында зардап шеккендер жоқ. Қазақстан мұнайына шектеу қойылған жоқ. Дегенмен, "Теңіз – Новороссийск" құбыр жүйесі арқылы мұнай тасымалдау қуаты уақытша төмендетілді. "Транснефть" Қазақстанның Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай айдау көлемі шамамен 30 пайызға қысқаруы мүмкін екенін болжады. 19 ақпанда Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Астананың Киевпен Каспий құбыр консорциумының мұнай айдау станциясына жасалған дрондар шабуылына қатысты мәселені талқылайтындарын мәлімдеді. Ресей Федерациясының тергеу комитеті Каспий құбыр консорциумы - азаматтық нысанына жасалған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағаны да белгілі болды. Бұл мәселе Парламентте де көтерілді.