Қазатомөнеркәсіп: 2024 жылдың нәтижелері мен даму стратегиясы

Қаракөз Амантай 28 нау. 2025 12:52 1118

Қазатомөнеркәсіп 2024 жылы уран өндіру және қаржылық көрсеткіштері бойынша тұрақты нәтижелерге қол жеткізді. Компания уран өндіру көлемін 23 мың тоннадан асырды, ал сату көлемі 16,5 мың тоннадан жоғары болды. 2023 жылмен салыстырғанда кіріс 26%-ға өсіп, рекордтық 1,8 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компания Қазақстан бюджетіне 723 млрд теңгеден астам салық аударды, оның ішінде 31 млрд теңгеден астамы өңірлік бюджеттерге жіберілген.

Жаңа даму стратегиясы қабылданды

Әлемде атом энергетикасына деген сұраныс артқандықтан, Қазатомөнеркәсіп алдағы он жылға арналған даму стратегиясын жаңартты. Компания негізгі бағытын уран өндіруге шоғырландырса, экономикалық тиімділікке сүйене отырып, ядролық отын циклін дамытуға ниетті. Сонымен қатар, сирек және сирек жер металдары саласын дамыту жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, компания ресурстық базаны кеңейту және тиімді пайдалану бойынша жұмыстарын жалғастыруда. 2024 жылы Түркістан облысында шамамен 170 мың тонна уран қоры бар кен орындарын барлауға жаңа лицензия алынды. Сондай-ақ, «Инкай» кен орнының №3 учаскесінде тәжірибелік-өнеркәсіптік уран өндіру туралы келісім жасалды.

Ядролық отын өндірісі және жаңа жобалар

Қазатомөнеркәсіп уран өндірумен қатар, ядролық отын циклін дамытуға да басымдық беріп отыр. Үлбі металлургия зауытында отын таблеткалары, ал «Үлбі-ТВС» зауытында жылу бөлетін құрамалар өндірілуде. 2023 жылы «Үлбі-ТВС» зауыты жылына 200 тонна төмен байытылған уран өндіру қуатына жетті.


Компания сирек металдар өндірісін кеңейтіп, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстарындағы кен орындарын барлауға лицензия алды. Өндірістік қауіпсіздікке 13 млрд теңге жұмсалып, компания осы саладағы жетістіктері үшін «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниялары арасында бірінші орынға ие болды.

Халықаралық ынтымақтастық және ғылыми зерттеулер

Қазатомөнеркәсіп шетелдік әріптестермен серіктестігін кеңейтуде.
• Тәжікстанмен – сирек және сирек жер металдарын барлау бойынша
• Франциямен – атом саласы үшін кадрлар даярлау жөнінде
• Моңғолиямен – уран барлау және өндіру жобалары бойынша келісім жасалды.

Компания АҚШ, Жапония және отандық ғылыми ұйымдармен медициналық радиоизотоптарды өндіру бойынша жұмыс жүргізуде.

Сонымен қатар өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа технологиялар енгізілуде. 2024 жылы ғылыми жобалардың экономикалық әсері шамамен 1,7 млрд теңгені құрады.



Қазатомөнеркәсіптің болашақ жоспарлары

Компания экология, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару стандарттарын жетілдіруде. 2024 жылы қоршаған ортаны қорғауға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 4 млрд теңге қарастырылған.

Осылайша, Қазатомөнеркәсіп тек Қазақстанның ғана емес, әлемдік атом саласындағы беделін нығайтып, ел экономикасының дамуына үлес қосып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар