Ұлттық Банк экономикаға берілген банк секторының несиелері бойынша кезекті есепті жариялады. Онда бірден көзге түскені – сыйақы мөлшерлемелері. Яғни, ақпан айында жеке тұлғаларға несие бойынша да, депозит бойынша да белгіленген сыйақы мөлшерлемелері төмендеген. Ал, заңды тұлғаларға берілетін несие, керісінше қымбаттаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақпан айының қорытындысы бойынша жеке тұлғаларға берілген несие сыйақы мөлшерлемесі 21,8%-дан (қаңтарда осылай болған) 20,5%-ға дейін төмендеді. Ал, керісінше, заңды тұлғаларға берілген несиенің жылдық мөлшерлемесі 17,9%-дан 18,3%-ға артқан.
Ақпан айының қорытындысы бойынша теңгелей салынған депозиттер бойынша орташа мөлшерлеме жеке тұлғалар үшін 13,5%-дан 13,3%-ға дейін төмендеді, бірақ заңды тұлғаларға, керісінше, аздап үстемеленген: 14,1%-дан 14,2% ға дейін. Жеке тұлғалар үшін ең тиімді депозит 1 айдан 3 айға дейінгі мерзімдегілері қамтиды: олар бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі 15,3% құрайды.
Жеке тұлғаларға берілген несиенің жалпы сомасы қаңтарға қарағанда 1,7%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады. Оның тең жартысын кепілсіз тұтынушылық несие құрайды. Ал одан кейін ипотекалық несие мен автонесиенің кезегі келеді.
Алдыңғы аймен салыстырғанда автонесие 36,1% қосып, 165 млрд теңгеге жетті. Алдыңғы айдағы күрт құлдыраудан кейін бұл бағыт қайта қалпына келіп жатқан сияқты. Бір жыл ішіндегі өсім 28,8%-ды құрайды.
Ипотекалық несие көлемі екінші ай қатарынан төмендеуде. Екі ай арасындағы құлдырау айтарлықтай емес, әрине. Бір айда көрсеткіш 0,2% жоғалтып, 152,8 млрд теңгеге дейін төмендеді. Ипотекалық займ бойынша қарыз көлемі 6,7 трлн теңгені құрайды. Айтқандай, ақпан айында соңғы 11 айда алғаш рет берілген автонесиелер көлемі берілген ипотекалық займдар көлемін орап өтті.
Өткен айда кепілсіз тұтынушылық несиелер көлемінде де қысқару болды: - 4,1%, 838,5 млрд теңгеге дейін. Яғни, қаңтар айымен салыстырғанда ақпанда бұл несие түрін тіркетуші адамдар саны 14,6%-ға қысқарды. Кредит саны да 21,2%-ға төмендеген.
Айта кетсек, Ұлттық банк наурызда базалық мөлшерлемені 15,25%-дан 16,5%-ға көтерген болатын. Бұған дейін сайтымызда аталған тақырыпта "Қаржыгер-маман алдағы екі жыл халық пен бизнеске қиын тиетінін болжады" деген мақала жарияланған болатын.