Қаржыгер-маман алдағы екі жыл халық пен бизнеске қиын тиетінін болжады

Кәмшат Тілеухан 11 нау. 2025 15:23 523

Қаржыгер-маман Айдархан Құсайынов алдағы екі жыл халық пен бизнеске қиын тиетінін болжайды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі "Инфляция туралы болжамдардан туған ой" атты жазбасында айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ұлттық Банк өз болжамында 2025 жылғы инфляция көлемін 10-12%-ға және 2026 жылдағысын  9-11%-ға дейін арттырды. Бірақ бұл арада болашақ туралы сөз жоқ, яғни қазір орын алып отырған шындыққа қатысты болжамдар. Сәйкесінше, 2026 жылға арналған болжамға қазір қабылдауы қарастырылып жатқан, демек әлі есепке алынбаған қосымша құн салығы өсімінің 2-4%-ын тағы қосу керек болады. Мұндай жағдайда 2025 жылғы инфляция бойынша болжам 10-12% және 2026 жылға 11-14% болып қалады, ал 2027 жылы бұл көрсеткіш 8-9%-дан төмендейді деп ойлаймын. Яғни, базалық мөлшерлеме шамамен алдағы екі жылда 16-18% болып қалады. Мұндай инфляция кезінде халықтың табысына не болатынын және бизнес несиені қайдан алатынын, тіпті көз алдыма елестете алмаймын. Ал біздің проблемалық бюджетке ие екенімізді ескерсек, мемлекет субсидиялар мен инвестицияларды қайдан алады? Экономикалық өсім қалай болады?.. Ол жағы да беймәлім. Есесіне ЖІӨ номиналды түрде "ұшатын" болады", деп жазды Айдархан Құсайынов Telegram-дағы арнасында.

Бұл жазбаны, әсіресе кәсіпкерлер қауымы ауыр қабылдап жатыр.

Айта кетсек, 7 наурызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені бірден 125 базистік пунктке бір-ақ көтерді. Мұндайды бір де бір қаржылық сарапатама орталығы болжай алмады. Болжамдарда 100 базистік пункт туралы сөз болған, ал көбісі базалық мөлшерлемені 50 базистік пунктке көтеру орынды деп тапқан.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар