Түркия Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың біріне айналды

Түркия Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың біріне айналды
Gov.kz

Қазақстан мен Түркия арасындағы инвестициялық ынтымақтастық өзара сенім мен стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін таныта отырып, тұрақты серпінмен дамып келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Түркия елімзідің экономикасындағы негізгі шетелдік инвесторлардың бірі болып саналады. Түркия шамамен 6 млрд доллар көлемінде Қазақстанға инвестиция құйып, елдегі ірі инвесторлар арасында 15-орынға ие болды. Өз кезегінде Қазақстан да Түркия экономикасына 2,2 млрд доллар көлемінде инвестиция бағыттады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен жалпы құны шамамен 9,5 млрд доллар құрайтын 171 жобадан тұратын ауқымды жобалар пулы қалыптасты. Оның ішінде 4 млрд долларға тең 98 жоба сәтті іске асырылды, 3,9 млрд долларды құрайтын 50 жоба белсенді іске асырылу сатысында, ал 1,6 млрд долларға бағаланған 23 әлеуетті жоба инвестициялық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге берік негіз қалыптастырып отыр.

Бұл динамика екі елдің инвестициялық әріптестігі сандық тұрғыдан ғана емес, сапалық тұрғыдан да дамып келе жатқанын, өнеркәсіптік кооперацияны нығайтып, ұзақ мерзімді экономикалық өсімге мықты негіз қалайтынын айқын көрсетеді.

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 29 шілдеде Түркияға жасаған сапары экономикалық байланыстарды дамытудағы маңызды қадам болды. Оның аясында агроөнеркәсіптік кешен мен логистика салаларында жалпы сомасы 400 млн доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластықтар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен жобаларды іске асыруға қосымша серпін берді.

Экономикалық әріптестіктің жоғары деңгейінің маңызды дәлелі ретінде 2026 жылғы 15 сәуірде Астанада ҚР Премьер-Министрі О.Бектенов пен ТР Вице-президенті Дж. Йылмаздың тең төрағалығымен өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-отырысын атап өтуге болады. Оған қоса, екі елдің 40 ірі бизнес құрылымы басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, іскер топтардың белсенді атсалысуын және практикалық ынтымақтастықты тереңдетудің жаңа мүмкіндіктерін айқындады.