Нартай Сәрсенғалиев шетелдік оқу орындарына қатысты жаңа талапты айтты

Нартай Сәрсенғалиев шетелдік оқу орындарына қатысты жаңа талапты айтты
Мәжілістің баспасөз қызметі. Суретте: Нартай Сәрсенғалиев

Енді Қазақстанда қызмет ететін шетелдік жоғары оқу орындары мен олардың филиалдары студенттерге "Қазақстан тарихы" және "Қазақ тілі" пәндерін міндетті түрде оқытуы тиіс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен маңызды норма қабылданған.

"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасында "Шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдары мен шетелдік оқу орындары "Қазақстан тарихы" және "Қазақ тілі" пәндерін міндетті түрде оқыта отырып, тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан төмен емес білім беру сапасын қамтамассыз етеді" деген норма бекітілді", – деп жазды ол.

Нартай Сәрсенғалиевтің сөзінше, аталған норманы қамтитын заң жобасы жақын уақытта Мәжілісте екінші оқылымға шығарылмақ.