Қазақстан e-commerce секторында айтарлықтай өсім көрсетті. Соңғы бес жылда электронды сауда көлемі жеті есеге ұлғайып, 3,2 трлн теңгеге жетті, бұл бөлшек сауданың барлық көлемінің 14,1% құрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшылар 5 жылдан кейін Қазақстанда әрбір бесінші тауар онлайн сатып алынатынын болжайды. Бұл мліметтер мен болжам Пәкістан Ислам Республикасында өтіп жатқан "Электронды коммерция арқылы логистика мен бизнеске қол жеткізу" халықаралық саммиті аясында айтылды.
"Қазақстан e-commerce секторында айтарлықтай өсім көрсетті. Соңғы бес жылда электронды сауда көлемі жеті есеге ұлғайып, 3,2 трлн теңгеге жетті, бұл бөлшек сауданың барлық көлемінің 14,1% құрайды. Саланың әрі қарай өсу әлеуеті зор. Бізде жоғары цифрлық қолжетімділік, дамыған финтех-инфрақұрылым және 8 миллионнан астам белсенді пайдаланушылар, яғни жастар бар. Біз 5 жылдан кейін әрбір бесінші сатып алу онлайн режимінде жүзеге асырылады деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін биылғы жылдың наурыз айында электронды сауданы дамыту жоспары бекітілді. Басымдықтардың қатарында заңнаманы жетілдіру, халық үшін білім беру бастамаларын іске қосу, кәсіпкерлер үшін қаржылық қолдау шараларын енгізу және заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту бар", - дейді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің электрондық және биржалық сауда департаментінің директоры Ғалия-Бану Мейрбаева.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Спикер өз сөзінде Қазақстанның халықаралық алаңдарда - ДСҰ, БҰҰ, ШЫҰ, ЕАЭО - трансшекаралық сауданы оңайлату және қолайлы цифрлық орта құру бағытындағы белсенді жұмысын атап өтті. Осы тұрғыда ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен Пәкістан ИР Коммерция министрлігі арасындағы электрондық сауда саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы 2025 жылғы сәуірде қол қойылған меморандум ерекше атап өтілді, бұл екіжақты стратегиялық әріптестікті нығайтуға жасалған маңызды қадам болды.