Атырауда зиратты қорлаған күдіктілер анықталды

Қаракөз Амантай 05 жел. 2025 09:25

Атырау облысында мұсылман зираттарындағы қорлау дерегіне қатысты тергеудің алғашқы нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, полиция күдікті тұлғаларды анықтап, оларды бөлімшеге жеткізіп, қажетті тергеу амалдарын жүргізуде. Қазіргі уақытта мамандар жасөспірімдердің мұндай әрекетке не себепті барғанын анықтап жатыр.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылыққа кәмелетке толмаған үш жасөспірім қатысқан. Олардан заңды өкілдерінің қатысуымен түсініктеме алынуда.

Белгілі болғандай, жасөспірімдерді ішкі істер органдарының есебіне қою жоспарланып отыр. Материалдар жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияға жолданады, ал ата-аналары балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін жауапкершілікке тартылмақ.

Еске салсақ, бұған дейін Еркінқала ауылындағы мұсылман зиратында қабірлерді қорлау фактісі анықталып, тексеру басталған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар