Қол жетпейтін жарнама
Қоғамда қазақ газет-журналдарының негізгі оқырмандары ауылдарда деген сыңаржақ пікір қалыптасқан. Шындығында қазақ басылымдарының оқырмандары қалада да, ауылда да бар. Тек олардың сұранысына байланысты ақпарат тарата алмай отырғанымызды мойындағымыз келмейді. Нарық заңдылығы бойынша сұранысқа ие болмаған басылым, қоғамдық ортада мәні мен маңызын еш уақытта жоғалтпайды. Соны біле тұра, қазақ басылымдарын тізгіндеп отырған редакторлар бұған мүлде назар аударған емес.
Тәуелсіздікке ие болып, нарықтық қатынастар орнаған 20 жылда қазақ басылымдары нарықтық қатынастарға мүлде икемделген жоқ. Оны мына бір жайттан анық аңғарамыз. Бүгінде қазақ тілді басылымдарға жекелеген компаниялар жарнама бермейді. Қазақ басылымдарына жарнама шықса, таңқалатын дәрежеге жеттік. Неге? Өйткені қазір жарнама берушілердің көкейіне қазақ газеттерінің таралымы аз, жарнама беру экономикалық тұрғыдан өзін ақтамайды деген дәлелсіз пікір сіңіп қалған. Әрине, бұл пікірмен келісіп, келіспеуге де болады.
Біздің редакторлар үлкен тойларда табақтас болып, әңгіме-дүкен құратын «Қазақстан Заман» газетінің бұрынғы редакторы Ахмет Аляздан ақыл сұрамағаны жанға батады. Қазір «Қазақстан Заман» газетін ашсаңыз жарнамадан көз сүрінеді. Елімізде жұмыс істейтін түріктің компаниялары осы газетке жарнама беруге құмар. Неге қазақ тілді басылымдарға жарнама бермейді? Соны сырын біздің редакторлар Ахмет Аляздан сұрап алуы керек еді.
Жарнаманы былай қойып, кейбір шенеуніктер өз мақалаларын бірінші кезекте орыс тілді басылымдарға жариялайды. Өйткені, орыс тілді басылымдар оқылымды. Кезінде Ақпарат министрі болған Алтынбек Сәрсенбаевтың өзі қоғамдық-саяси маңызы зор мақалаларын «Время» газетінде жариялап, содан кейін ғана бірлі-жарым қазақ газеттері көшіріп басты емес пе? Әрине, бұл жерде Алтекеңді кінәлайын деген ойымыз жоқ. Қоғамда осындай үрдіс қалыптасқан соң, шенеуніктерге бәлен-түген деп айтудың өзі артық. Бұл кімнің басындағы мәселе? Кез келген шенеунік мақаласының оқылғанын, жармана беруші жарнамасының халыққа жеткенін қалайды. Бұл қазақ тілді басылымдарды тізгіндеп отырған редакторлардың мәселесі.
Елімізде нарықтық қатынастар орнаған 20 жылда бір редактор ірі компаниялардың қазақ басылымдарына жарнама бермей жатқанын айтып, бір мақала жазып, мәселе көтерді ма? Жоқ. Мұндай мақаланы көрген де, естіген де емеспіз. Осы бір жайттан редактордың нарыққа бейімделуге мүлде көңіл бөлмегенін байқаймыз.
Біздің редакторлар үлкен тойларда табақтас болып, әңгіме-дүкен құратын «Қазақстан Заман» газетінің бұрынғы редакторы Ахмет Аляздан ақыл сұрамағаны жанға батады. Қазір «Қазақстан Заман» газетін ашсаңыз жарнамадан көз сүрінеді. Елімізде жұмыс істейтін түріктің компаниялары осы газетке жарнама беруге құмар. Неге қазақ тілді басылымдарға жарнама бермейді? Соны сырын біздің редакторлар Ахмет Аляздан сұрап алуы керек еді.
Жарылқаптай болсақ
Жалпы, тәуелсіздіктің жиырма жылда өзін экономикалық тұрғыдан ақтайтын бірде-бір қоғамдық-саяси басылым шығара алмауымыз қазақ журналистикасына үлкен сын. Таралым аз, жарнама тарта алмайтын газет-журналдар түбінде жабылып тынатыны белгілі. Бұл үшін билік пен құрылтайшыларды сын айтып, мін тағудың жөні жоқ. Заман талабына икемделіп жұмыс істей алмаған ағаларымыз мәселені саясиландыруға құмар.
Қазір Қазақстанда тек қана билікшіл болмаса билікті сынайтын оппозициялық басылымдар шығады. Ұмытып барады екенбіз, шоу-бизнеске қатысты журналдар да өтімді. Ал халықты еңбекке, ғылымға үндейтін салалық басылымдар мүлде жоқ.
Төрткүл дүние алай-түлей болып жатқан қазіргі заманда барша қазақтың саясат соғып отыратын жағдайы бар ма? Ел азаматтары еңбек етіп, кәсіпкерлікпен айналысып әл-ауқатын арттыруы керек қой. Бұл үшін ел арасында бизнесті насихаттайтын басылым қажет. Өкінішке орай, бізде ондай басылым жоқ.
Жалпы, тәуелсіздіктің жиырма жылда өзін экономикалық тұрғыдан ақтайтын бірде-бір қоғамдық-саяси басылым шығара алмауымыз қазақ журналистикасына үлкен сын. Таралым аз, жарнама тарта алмайтын газет-журналдар түбінде жабылып тынатыны белгілі. Бұл үшін билік пен құрылтайшыларды сын айтып, мін тағудың жөні жоқ. Заман талабына икемделіп жұмыс істей алмаған ағаларымыз мәселені саясиландыруға құмар.
Жұрттың бәрі саясат пен шоу-бизнестегі өсек аяңды оқып, той-томалақта соны әңгіме қылуға құмар. Ақпарат құралдарымыз қандай болса, халқымыз сондай. Шоу-бизнес демекші, осы бағытта журнал ашып, аянбай еңбек етіп зор жетістікке жеткен Жарылқап Қалыбайдың есімін ерекше атап айтуға болады. Неге екені қайдам, біздің Жарылқап Қалыбайдың еңбегін көпшілігіміз елегіміз келмейді. Жарылқаптың жеңіл тақырыптарды көтеріп, ақша жасағанын айтып, іштарлық жасаудан әріге асқан емеспіз. Жәкеңнің күні кеше ғана ұшақ ішінде қазақ тілінің мүддесі үшін қырық пышақ болып дауласқанын еске де алмаймыз.
Өздерін ащы шындықты жазатын (шындығында өсек-аяң деген жөн) басылымдар сол кезде Жәкеңді қорғап мақала басса, ал қазақ тілі жайында күңіреніп әңгіме айтуға даяр тұратын мемлекетшіл (билікшіл деген дұрыс шығар) басылымдар мұндай оқиға болмағандай жұмған аузын ашпады. Бұл жайында мақала басса редакторларды ешкім орындарынан жұлып тастамас еді. Бірақ біздің шошымалы редакторларымыз мұндай қадамға бара алған жоқ.
Бүгінде редактор біткеннің бәрі Астана мен Алматының арасында ұшақпен ары-бері жосып, ұшып жүр. Олар көк жүзіндегі қазақ тілінің мүшкіл жағдайын Жәкеңнен артық білмесе, кем білмесі анық. Солардың қайсысы осы мәселені көтеріп, мақала жазды. Ешкім жазған емес. Бүгінде нақты іске келгенде редакторлардың «тормоз» болып қалатыны әдетке айналып барады.
Оқырманды жоғалту
Жайма-шуақ отырыстарда қазақ тілді басылымдардың редакторлары Кеңес заманында республикалық басылымдардың екі жүз, үш жүз мыңдап тарағаны жайында әңгіме айтуға құмар. Иә, Шерхан Мұртазаның кезінде «Лениншіл жас» газетін халық жата жастанып оқыды. Саяси, ұлттық мүддеге қатысты тақырыптарға он жерден қарауыл қойылса да аға буын қалың оқырманға рухани қажеттілігін өтеп, қазақ тілінің дамуына өз үлесін қосты. Өз ісін адал атқарды.
Ал қазір аяқ-қолды бос қойған еркін заманда біздің редакторлар қазақ журналистикасының Кеңес заманындағы жеткен биігіне жете алмады. Сол биікті сақтамаған күннің өзінде қазақ басылымдары жүздеген мың оқырмандарын жоғалтып алғаны жанға батады. Осылайша біздер Шерхан Мұртаза, Камал Смайлов сынды ағаларымыздың интеллектуалды ой-өрісі жоғары жүздеген мың оқырманынан көз жазып қалдық. Осы орны толмас өкініштің орнын толтыру үшін әлі талай уақыт керек. Бірақ бізді уақыт күтпейтіні анық.
Қазір айналамызда ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Ресей мүддесін көздеген орыс журналистерінің Батыс әлеміне қарсы қалай жұмыс істеп жатқанын күнде көріп жүрміз. АҚШ бастаған Еуропа елдерінің Ресейге салған санкциясын орыстың ақпарат құралдары тойтарыс беріп, қоғамдық пікірді өздеріне бұруға барынша күш салуда. Егер Украинадағыдай жағдай бізде қайталанса, Қазақстан мүддесін қазақ тілді ақпарат қорғай ала ма? Әй, қайдам.

Бірақ біздің мүддемізді орыс тілді қазақ журналистері қорғайтыны анық. Алғашқы соққыны солар қабылдайтынын мойындауымыз керек. Сейітқазы Матаев, Арманжан Байтасов, Әділ Ыбырав сынды ұлтжанды азаматтар бұл істен шет қалмасына сенімдіміз. Бірақ ондай күн біздің басымызға орнамай-ақ қойсын. Бірақ қазақ журналистикасының мұншалықты бейқамдыққа түсуі ақтауға келмейтін дүние.
Жарбол КЕНТҰЛЫ