Қаржыгер-маман дабыл қақты: Банктер рахатқа бөленуде, елдегі капитал тоқтаусыз сыртқа ағылуда

Кәмшат Тілеухан 28 мам. 2025 12:44

Кезінде екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) активтерін доллардан арылту мақсатында Ұлттық Банк доллар түріндегі депозиттерге қатысты 1 пайыздық шектеу енгізген. Расында, бұл шара теңгелік активтердің тартымдылығын арттырды әрі белгілі бір деңгейде халықтың валюталық жинағын теңгеге ауыстыруға мүмкіндік берді. Дегенмен, бұл қадам жалпы ел  экономикасы үшін қаншалықты тиімді? Қаржыгер-маман Ғалым Құсайынов тура осы арасы талас тудыратынын әрі мұқият талдауды қажет ететінін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Инвестициясыз алға жылжып, даму мүмкін емес, оның елімізге қандай валюта түрінде келгені, негізі, аса маңызды емес. Сондықтан кез келген экономика үшін капиталдың барынша ел ішінде қалғаны өте қажет. Банктер, инвестициялық және брокерлік компаниялар арқылы бұл қаражат экономикаға жұмыс істеп, қосымша табыс әкеледі. Жалпы, бір мәселені шешеміз деп, оның басқа экономикалық салаларға әсерін назардан тыс қалдыруға болмайды. Барлық шешім кешенді түрде, жан-жақты талдануы керек", - дейді қаржыгер.

Оның айтуынша,  қолданысқа енгізілгелі бері 1 пайыздық шектеу 2022 жылға дейін экономикаға айтарлықтай кері әсер еткен жоқ. Себебі, ол кезде әлемдегі пайыздық мөлшерлемелер нөлге жақын еді. Сол себепті бұл шара банктер тарапынан болатын алып-сатарлық әрекеттерді шектеуге көмектесті.

"Бірақ соңғы уақытта, АҚШ-ты қоса алғанда, әлем бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне байланысты екінші деңгейлі банктердегі валюталық депозиттерге қарағанда шетелдік активтер тартымды бола бастады. Мұны еліміздің экономикалық агенттері бос ақшасының шетелдік активтерді сатып алу тұрғысындағы қозғалысынан байқауға болады", - дейді Құсайынов.

Сондай-ақ ол Ұлттық Банктің статистикасы жекеменшік сектордағы сыртқа ағылған капиталдың толық көлемін көрсете алмайтынына өкініш білдіреді. Бірақ, оның айтуынша, жеке көрсеткіштердің өзі-ақ көп нәрсені аңғарта алады.

Мысалы, "портфельдік инвестициялар" бөлігіндегі цифрлардан (Ұлттың Банк статистикасындағы) капиталдың сыртқа ағылуы жыл сайын өсіп отыратынын байқауға болады: егер 2022 жылы бұл көрсеткіш 2,4 млрд доллар болса, 2024 жылы ол 6,1 млрд долларға жетті.

"Сонда үш жыл ішінде сыртқа кеткен қаражаттың жалпы көлемі – 12,6 млрд доллар немесе шамамен 6,5 трлн теңге. Салыстырмалы түрде айтсақ, еліміздегі барлық валюта түріндегі депозиттер шамамен 9 трлн теңгені құрайды", - дейді маман.

Резидент еместер де Қазақстаннан капиталын алып кетіп жатыр: дәл осы "портфельдік инвестициялар" бөлігінде үш жыл ішінде елден 1,9 млрд доллар сыртқа кеткенін көруге болады.

"Алдын ала мәліметтер бойынша, тек 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 3,2 млрд доллар шетелге кеткен. Егер экономиканың басқа секторларын (банк пен үкіметті қоспағанда) алып қарастыратын болсақ, олардың шетелдік қаржылық активтерді сатып алуының таза көлемі 5,6 млрд долларды құрайды. Салыстырмалы түрде алсақ,  бұл көрсеткіш бүкіл 2024 жылы 3,9 млрд доллар болған", - дейді Құсайынов.

Жалпылай алғанда, елдегі валюталық депозиттердің нақты көлемі азаймағанын, шамамен 8-9 трлн теңге деңгейінде сақталатынын байқауға болады, ал егер оған жекеменшік сектордың шетелде сақтайтын  валюталық активтерін қоссақ, бұл сома әлдеқайда еселене түсер еді.

Егер теңге түріндегі депозиттердің көлеміне қарайтын болсақ, олардың өсімі шамамен базалық пайыздық мөлшерлемеге тең келетінін көреміз. Бұл дегеніміз, теңгелік депозиттердің өсімі долларлық депозиттердің теңгеге конвертациялануынан емес, депозиттер бойынша жылдық пайыздық табыстың есебінен қалыптасады.

"Елде инвестиция жетіспей жатқан кезде шетелге осылайша ағылып кетіп жатқан валюталық қаражаттар төлем балансындағы тапшылық мәселесін шешуде жақсы балама болар еді. Меніңше, ірі банктер өз балансынан мұндай үрдістің болып жатқанын әлдеқашан байқап үлгерді, VIP-клиенттердің көпшілігі брокерлік компаниялар арқылы шетелдік бағалы қағаздарды көптеп сатып алуда. Өз балансын сақтау үшін, мысалы, Халық банкі екі жыл қатарынан VIP-клиенттеріне жинақтаушы депозиттің барлық сипатын қамтитын өздерінің валюталық облигациялары бойынша 3,5% мөлшерлемені ұсынуда.  Долларлық депозиттер бойынша 1 пайыздық шектеу енгізілгеннен кейін туындайтын валюталық арбитраждан тек банктер ғана ұтады. Өйткені банктер сол валютаны 4-5 пайызбен қайта орналастырып, қосымша табыс табады. Ел ішінде табылған осындай қаражат өз экономикамызға емес, арық қарайғысында АҚШ, Еуропа, БАӘ, Түркия секілді басқа елдердің экономикасына жұмыс істейді. Оның үстіне бұл арадағы түпкі мәселе девальвация тәуекелдерінде жатыр. Бұл тәуекелдер сол ақшаны ұстайтындардың емес, сол ақшаны кәсіпкерлік мақсатта табыс табу үшін ары қарай пайдаланатын субъектілер есебінен шешілуі керек", - деп сөзін түйіндейді Құсайынов.

Бұған дейін сайтымызда "2025 жылғы инвестиция өсімі немесе сарапшылар Үкімет есебінен томпақ тұсты анықтады" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар