2025 жылғы инвестиция өсімі немесе сарапшылар Үкімет есебінен томпақ тұсты анықтады

Кәмшат Тілеухан 19 мам. 2025 13:12

2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар (НКИ) 13,7%-ға артып, жалпы көлемі 4,4 трлн теңгеге жетті. Күні кеше Үкімет осындай көзді қуантатын есеппен бөлісті. Алайда сарапшылар бұл есептен томпақ тұсты анықтады. Сөйтсек, бұл арадағы өсім, негізінен,  бюджет есебінен түзіліп отыр екен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Шынтуайтында, жекеменшік инвестиция былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 1,6%-ға, керісінше кеміген. Ал бюджеттен ақша құю үш есеге артқан: 373-тен 966 млрд теңгеге дейін. Нәтижесінде, жалпы инвестиция құрылымындағы мемлекеттік қаржының үлесі соңғы жылдардағы ең жоғары деңгейге жетіп, 22,1%-ды құрады. Бұрынғы ұқсас кезеңдерде бұл көрсеткіш 11,1%-дан аспайтын еді", деп жазады Tengenomika Telegram арнасының авторы.

Бюджет ақшасының басым бөлігі мына өңірлерге инвестицияланды:

  • Астана  - 138 млрд теңге, Алматы - 127 млрд және Түркістан облысы - 96 млрд теңге.

Алайда аталған аймақтардағы жалпы инвестиция көлемінде бюджет үлесі республикалық орташа көрсеткіштен сәл ғана жоғары. Бұл – аталған өңірлердегі жеке және өзге де мемлекеттік емес қаржының белсенділігінен туындаған нәтиже.

  • Бюджет ақшасы аз жұмсалған өңірлер – Ұлытау (5 млрд теңге), Солтүстік Қазақстан облысы (11 млрд) және Батыс Қазақстан облысы (21 млрд).

Бізде инвестиция жағынан бюджет ақшасына "әбден жатып алған" өңірлерде бар екен: Мәселен, Ақмола облысында бюджеттік қаражаттың үлесі жалпы инвестиция көлемінің 41%-ын, Қызылорда облысында 38%-ын, ал Шығыс Қазақстан облысында 37%-ын қамтиды.

"Мұндай көрсеткіштер жай ғана бюджет қолдауын емес, өңірлердің жеке инвесторлар үшін тартымдылығы өте төмен екендігін айқын байқатад"», - дейді экономист Руслан Сұлтанов.

Бюджет есебінен салынған қаржының 80%-дан астамы мына бес негізгі бағытқа жұмсалған:

  • білім саласы, оның ішінде "Жайлы мектептер" жобасы – 41%;
  • көлік инфрақұрылымы (автомобиль жолдары) – 19%;
  • сумен қамту және кәріз жүйесі – 9%;
  • энергетика (оның ішінде ЖЭО) – 8%;
  • денсаулық сақтау саласы – 5%.

"Егер жылдың алғашқы төрт айында бюджеттік инвестициялардың үлесі жалпы инвестиция көлемінің 22,1%-ын құраса, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 40-45%-ға дейін өсуі әбден мүмкін. Бұл тек ресми бюджеттік қаражаттардың көлемі ғана – оған даму институттарынан (Қазақстанның Даму банкі, ФРП, "Даму" қоры және басқалар) берілетін жеңілдетілген несиелер, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қаржысы (соңғы жылдары оның үлесі 20-22%-дан асатын) кірмеген. Бұның барлығын қоса есептегенде, елдегі инвестициялық белсенділіктің басым бөлігін мемлекет тікелей немесе жанама түрде қамтамасыз етіп отырғанын аңғарамыз. Қазіргі бюджет тапшылығы жағдайында жеке капиталды ығыстыруға жол бермей, біртіндеп нарықтық механизмдерге негізделген тұрақты өсімге көшу қажеттігін ескеру маңызды", - дейді ол.

Бұл пікірмен Halyk Finance сарапшылары да келіседі. Олардың есептеуі бойынша, мемлекеттік шығындар мен жеке үй құрылысы шығындарын алып тастағанда инвестициялар, керісінше 2,6%-ға төмендеген.

"Мемлекеттік қаражатты алып тастаған жағдайда инвестиция көлемі төмендеп, жеке сектордың инвестициялық белсенділігі әлсірегенін байқаймыз. Инвестиция көздері құрылымында мемлекеттік бюджеттің үлесі артып, компаниялардың өз қаражаты мен қарызға алынған қаржы үлесі қысқарған. Бұл ретте инвестиция өсімі, негізінен, құрылыс саласына тиесілі болса, жабдықтар мен технологияларға салынған инвестициялар көлемі, керісінше қысқарған. Бүгінгі динамика экономиканы технологиялық жаңарту және модернизациялау бағытындағы инвестициялық белсенділіктің төмендігін көрсетеді", - дейді Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Салтанат Игенбекова.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, НКИ өсімі жыл басынан сәуір айына дейін 13,7%-ды құраған.

"Алайда бұл өсімнің едәуір бөлігі өткен жылдың төмен базалық көрсеткіштері әсерінен туындаған. Мемлекеттік шығындар мен жеке үй құрылысы шығындарын алып тастағанда инвестициялар 2,6%-ға төмендеді. Өнеркәсіп саласындағы инвестициялар 2,5%-ға азайды, әсіресе құрылыс секторында НКИ көлемі 14,2%-ға төмендеді (2024 жылы керісінше, 63,3%-ға өскен еді)", - дейді маман.

Өнеркәсіптегі өсімнің төмендеуінің басты себебі – тау-кен өндірісіндегі инвестициялардың азаюы. Бұл сала өнеркәсіптік НКИ-дің шамамен жартысын (47,4%) қамтиды. Әсіресе, мұнай-газ секторында 35,9%-ға инвестициялардың қысқаруы байқалады. Мұның басты себебі – Теңіз кенішіндегі ірі мұнай жобаларының аяқталуы.

Дегенмен, өңдеуші өнеркәсіпте инвестициялардың едәуір өсімі тіркелген:

  • металлургия – 13,7%-ға,
  • химиялық өнімдер – 62%-ға,
  • тамақ өндірісі – 26%-ға,
  • мұнай өңдеу – 110,5%-ға өскен.

"Инвестициялар негізінен ғимараттар мен құрылыс нысандарына бағытталса (27,6%-ға өскен), жабдықтар мен техникалық жаңартуға салынған қаржы керісінше, 7,6%-ға азайды. Бұл бір жағынан шикізат секторындағы ірі жобалардың аяқталуымен байланысты болса, екінші жағынан технологиялық жаңартуға деген инвестициялық белсенділіктің төмендігін білдіреді. Инвестициялардың 54,3%-ын шағын кәсіпорындар қамтамасыз еткен (өсім 16,5%), ал ірі кәсіпорындардың үлесі (32,8%) 3,9%-ға қысқарған. Жалпы алғанда, бұл үрдіс жеке кәсіпкерлік пен өндірістік секторларға инвестиция тартудың маңыздылығын арттырып, экономиканың тұрақты өсімі үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін көрсетеді", - дейді Салтанат Игенбекова.

Айта кетсек, бұған дейін сайтымызда "Алты ел теріс айналды". Мұнайды бұрқыратып өндіріп жатқан Қазақстан күтпеген жағдайға тап болды" деген мақала жарияланған болатын. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар