Жетісу университетінде XIII жазғы Универсиада ойындарына қатысатын студенттермен кездесу өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп, команда капитаны дене шынықтыру және өнер факультетінің 2 курс студенті Альтай Қалқаманға университет байрағын салтанатты түрде табыстады.
«Жетісу университетінің студенттері спорт жарыстарында үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Былтыр студенттеріміз Әлем, Азия, халықаралық және республикалық чемпионаттарда 26 алтын, 20 күміс, 10 қола медальға ие болды. Білім ордасының мерейін асырып жүрген мұндай спортшыларымызды біз әрдайым мақтан тұтамыз. Бүгін де арамызда сайдың тасындай іріктелген үздіктер отыр. Біз сіздерге сенеміз!» – деді ректор.
Іс-шара барысында Жетісу университетінің құрметті профессоры, ардагер ұстаз Болат Молдабеков студенттерге ақ батасын берсе, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Канат Шоныраков жарыс жолында сәттілік тіледі.
Спортшылар өз кезегінде түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда өтетін жарыстан жүлдемен оралуға уәде берді.
XIII жазғы Универсиада ойындарында университетіміздің спортшылары жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, баскетбол, волейбол, дзюдо, таэквандо, еркін күрес, грек-рим күресі, бокс, футзал секілді спорттың 11 түрінен бақ сынайды. Түркістан төрінде өтетін дүбірлі додада Жетісу университетінің спортшылары биік белестерді бағындырып, оқу орнының мерейін үстем етеді деп сенеміз.