Freedom Inside '26

«Алматыда оқыған студент Лондондағыдай диплом алады»: Аймағамбетов шетелдік ЖОО филиалдарына қойылған жаңа талаптарды түсіндірді

«Алматыда оқыған студент Лондондағыдай диплом алады»: Аймағамбетов шетелдік ЖОО филиалдарына қойылған жаңа талаптарды түсіндірді
ЖИ: Dalanews.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары қызметін реттейтін жаңа нормалар қабылданғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, түзетулердің басты мақсаты – филиалдардың тек атақ үшін емес, нақты білім мен ғылым трансфертіне жұмыс істеуін қамтамасыз ету, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутат бұл бастама бірнеше жыл бұрын күмәнмен қабылданғанын еске алды.

– 2021 жылы Петропавлда Аризона университетінің филиалын ашқанда күмән көп болды. Кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен басқа да шетелдік университеттердің бағдарламалары іске қосылды. Сол кезде филиалдар ашу идеясына көпшілік сенімсіз қарады, – деді Аймағамбетов.

Оның сөзінше, бес жыл ішінде жағдай өзгерген. Бұрын сынға ұшыраған бастама бүгінде елдің білім саласындағы маңызды бағыттарының біріне айналған.

Қазақстан білім хабына айнала ала ма?

Аймағамбетов Қазақстанды өңірлік білім хабына айналдыру идеясы жаңа емес екенін айтты. Оның сөзінше, бұл мақсат алғаш рет 2016 жылғы мемлекеттік бағдарламада бекітіліп, кейін шетелдік студенттер тарту, қос диплом бағдарламаларын көбейту және халықаралық әріптестікті кеңейту жұмыстары басталған. Сонымен қатар, депутат басқа елдердің тәжірибесі қателіктерден сабақ алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Парсы шығанағы елдері миллиардтаған доллар жұмсап, әлемдік университеттерді шақырды. Бірақ кейін диплом болғанымен, экономикаға нақты пайда мен білім трансферті аз екенін мойындады, – деді ол.

Оның айтуынша, көптеген мемлекеттерде филиалдар жергілікті ғылым мен жоғары білім жүйесіне кірікпегендіктен күткен нәтижені бере алмаған.

Шетелдік университет филиалдарына қандай талаптар қойылады?

Аймағамбетов қабылданған түзетулер бірнеше негізгі қағидатқа негізделгенін түсіндірді.

Филиал тек бас университеттің шешімімен ашылады

Депутаттың айтуынша, енді филиалдарды ашу бастамасы жергілікті серіктестерден емес, университеттің өзінен шығуы тиіс.

– Бұл жай ғана бренд сатып алып, кампус ашып, студент жинау тәжірибесіне жол бермеу үшін қажет, – деді ол.

Дипломдар тең болады

Жаңа нормалар бойынша филиал түлектерінің дипломдары бас университет берген құжатпен бірдей мәртебеге ие болады.

– Алматыда оқыған қазақстандық студент Лондонда немесе Аризонада білім алған студентпен бірдей диплом алады, – деді депутат.

Қос стандарт болмайды

Аймағамбетов филиалдар халықаралық аккредиттеуден өтуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге Қазақстанның мемлекеттік стандарттары сақталуы міндетті болады. Оның сөзінше, министрлік білім сапасын бақылау құқығын өзінде қалдырады, ал филиалдар ғылыми зерттеулер мен академиялық тәжірибе алмасуға қатысуы керек.

«Филиалдар тек бәсекелес болмауы керек»

Депутаттың айтуынша, шетелдік ЖОО филиалдарының міндеті тек студент қабылдау емес, отандық университеттердің әлеуетін арттыру болуы тиіс.

– Бізде мықты қазақстандық университеттер жеткілікті. Иә, филиалдар керек. Бірақ олар жергілікті жоғары білім жүйесін күшейтуге жұмыс істеуі қажет, – деді Аймағамбетов.

Ол қабылданған нормалар дәл осы мақсатқа бағытталғанын атап өтті.