Алматыдағы №126 мамандандырылған лицейдің 11-сынып оқушысының қазасына байланысты оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы жағдай 23 мамырға қараған түні Әуезов ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға түнгі сағат 03:00 мен 04:00 аралығында тіркелген.
Марқұмның ұстаздары мен сыныптастары бұл хабарды ауыр қабылдаған. Өйткені ол мектептегі ең үздік оқушылардың бірі саналып, алдағы өміріне қатысты үлкен жоспарлар құрып жүрген.
Лицей директоры Айжан Әбуеваның айтуынша, жасөспірім оқу үлгерімімен ерекшеленген.
«Ол өте жақсы оқыды. АҚШ пен Қытайдағы жоғары оқу орындарынан шақырту алған. Бұл туралы мектеп ұжымы білмеген, ақпарат жерлеу рәсімінде белгілі болды. Сондай-ақ қатарлас сыныптағы қызбен қарым-қатынаста болған», – деді директор.
Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуде де жоғары нәтиже көрсеткен. Қаңтар айындағы тестілеуде 119 балл жинаған болса, кейінгі сынақтардың бірінде 134 балл алған. Ол мамыр айында негізгі ҰБТ-ны тапсыруы тиіс болған. Сонымен бірге математика пәнінен түрлі олимпиадаларға қатысып жүрген.
Жақындарының айтуынша, жасөспірімнің мінез-құлқынан ешқандай алаңдатарлық белгі байқалмаған. Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын, 22 мамырда ол мектептегі соңғы қоңырау салтанатына дайындыққа қатысып, көтеріңкі көңіл күйде болған.
«Ол соңғы қоңырау кезінде мұғалімін биге шақыратынын айтқан еді. Көңілді жүрді. Кешке үйіне келіп, анасынан ет тағамын дайындауды сұраған. Кейін отбасы мүшелері демалуға жатқан», – деді Айжан Әбуева.
Марқұм отбасындағы үшінші бала болған.
Қазіргі уақытта тергеу аясында әртүрлі нұсқалар қарастырылып жатыр. Соның ішінде отбасылық жағдайға қатысты болжамдар да тексерілуде. Алайда мұғалімдердің сөзінше, отбасы сырт көзге тату әрі үлгілі болып көрінген.
Сынып жетекшісінің айтуынша, ата-анасы мектеп өміріне белсенді араласып, жиналыстарға тұрақты қатысып отырған. Сондай-ақ олар тарапынан үйдегі қандай да бір қиындықтар немесе жанжалдар туралы мәлімет түспеген.