Докторантура тәмамдаған түлектер енді мектептерде де міндетті жұмыс өтеу мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін докторантураны аяқтаған азаматтар міндетті еңбек өтілін тек жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында немесе мемлекеттік органдарда ғана өтеуге тиіс еді. Қолданыстағы заң бойынша мектептердегі жұмыс бұл талапты орындау ретінде есептелмеген.
Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа түзетулер білім беру ұйымдарын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған.
«Енді түлектердің таңдау мүмкіндігі кеңейеді. Олар тек университеттермен шектелмей, орта білім беру жүйесінде де еркін еңбек ете алады. Мектептегі жұмыс міндетті өтеу мерзіміне толықтай есептеледі. Соның нәтижесінде оқушылар заманауи зерттеушілерден тікелей білім алу мүмкіндігіне ие болады», – деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.