Қарағанды шахтасындағы 5 кеншінің қазасы: Айыпталушылардың үкімі өзгеріссіз қалды

Қаракөз Амантай 25 сәу. 2025 10:13 294

Қарағанды облыстық соты «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі болған «Қазақстан» шахтасында бес шахтердің қаза болуына байланысты іс бойынша сотталғандардың апелляциялық шағымдарын қарап, алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Dalanews.kz ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

«Жәбірленушілер тарапынан апелляциялық шағым түскен жоқ. Біз үкімнің өзгеріссіз қалғанына ризамыз. Сотта жәбірленушілердің көбі болмады», – деді ҚазТАГ тілшісіне жәбірленушілердің бірі.

Сотталғандар апелляциялық шағымдарында өздеріне тағылған айыптауларды алып тастап, ақтауды сұраған. Алғашқы инстанциядағы сот процесінде-ақ қорғаушылар олардың кінәсіз екенін айтып, үкімнің ақтаушы болуын талап еткен еді. Адвокаттар айыпталушыларды «кінәлілер деп тағайындағанын» мәлімдеп, істі прокурорға қайтарып, сапасыз конвейер таспасын сатып алудағы бұзушылыққа нақты кім кінәлі екенін анықтауды сұраған.

2024 жылғы ақпанда Шахтинск қалалық соты төрт айыпталушыны қауіпсіздігі төмен колонияға төрт жыл бас бостандығынан айыруға және үш жылға дейін тау-кен өндірісі саласында басшылық қызмет атқару құқығынан айыру жазасына кескен болатын. Сотталғандардың қатарында – апат кезінде шахтаның өндіріс жөніндегі директор орынбасарының міндетін атқарушы (бұл қызметте бір айдан аз уақыт істеген), конвейерлік көлік учаскесінің бастығы, оның орынбасары (бір жылдан аз еңбек өтілімен), сондай-ақ уақытша механик орынбасары болған жұмысшы бар.

Сот олардың «тау-кен және құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себепкер болған» деген бап бойынша кінәсін дәлелденді деп таныды. Судья Данияр Әлменовтің айтуынша, айыпталушылар өндірістегі бұзушылықтарға қарамастан жұмысты тоқтатпаған, орташа жанғыш таспаны орнатуға жол берген, сондай-ақ жөндеу ауысымына қажетті жұмыс наряды берілмегені анықталған.

Сот бұған дейін қайтыс болғандардың отбасылары талап еткен моральдық өтемақыны төлеу туралы азаматтық талаптарды қанағаттандырмаған. Жәбірленушілер шахта мен АМТ компаниясының жоғары басшылығы да сот алдында жауап беруі тиіс екенін айтқан. Кейбір отбасылар соттан қатаң жаза тағайындауды сұраса, енді біреулері шешімді соттың қарауына қалдырған немесе айыпталушыларды бас бостандығынан айырмауды сұраған. Кейбірі олардың кінәсі тек жартылай екенін айтса, тағы біреулері ақтау үкімін шығаруды сұраған.

«Қазақстан» шахтасындағы трагедия 2023 жылғы 17 тамызда орын алды. Өрт салдарынан бес шахтер — 26 жастағы Илья Старовойт, 29 жастағы Артур Халиков, 45 жастағы Денис Стешин, 56 жастағы Виктор Бургун және 58 жастағы Виталий Слюньков қаза тапты. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар көмірқышқыл газынан уланған. Тағы 17 жұмысшы түрлі жарақат алды. Билік бұл оқиға үшін жұмыс беруші — АМТ-ны толық кінәлі деп мәлімдеген. Қайғылы жағдайға байланысты 28 адамның жауапты екені айтылғанымен, олардың тек төртеуі ғана сотқа тартылды.

2024 жылғы маусымда Шахтинск соты 2022 жылдың қарашасында жарылыс болып, бес жұмысшы қаза тауып, төртеуі ауыр жарақат алған Ленин атындағы шахта бойынша да төрт қызметкерге әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда марқұмдардың туыстары қанша талап еткенімен, АМТ-ның жоғары басшылығы мен меншік иелері жауапкершілікке тартылған жоқ.

Қазір Қарағандыда Костенко атындағы шахтада 46 шахтер қаза тауып, 28-і жарақат алған жарылысқа қатысты іс қаралып жатыр. Айыпталушылар қатарында шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлерден тұратын 10 адам бар. Бұл оқиға – миллиардер Лакшми Митталдың «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын басқарған соңғы 30 жыл ішіндегі ең көп адам өліміне әкелген апат болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар