Магистратура мен докторантураға түсу тәртібі өзгере ме? Аймағамбетов маңызды ұсыныс жасады

Сағыныш Сардарова 23 сәу. 2025 12:46 1238

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов магистратура мен докторантураға түсу тәртібін өзгерту керек екенін айтты,деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазір бекітілген талап бойынша магистратура мен докторантураға түсу үшін талапкерлер ағылшын тілінен емтихан тапсыруы міндетті. Оқу қазақ немесе орыс тілінде жүргізілсе де, бұл - талап бәріне ортақ.

"Қазақ филологиясы, этнография, музыка сияқты мамандықтарға түсетін жастар да алдымен ағылшын тілінен емтихан тапсыруы керек. Әрине, ғылыммен айналысу үшін ағылшын тілін білу маңызды. Себебі күн сайын жарияланып жатқан ғылыми жаңалықтардың көпшілігі ағылшын тілінде. Оларды оқу, түсіну, пайдалану әр зерттеушіге қажет.  Сондықтан бұл талап кезінде заманға сай, орынды шешім болды. Ашығын айтқанда, бұл талапты кезінде министр болғанда қолдаған да, бекіткен де өзім болатынмын. Алайда қазір жағдай өзгерді. "Елу жылда – ел жаңа" дейді. Біз бес жыл ішінде жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Технологиялық революция жүрді", - деді депутат.

Оның айтуынша, қазір ChatGPT, Gemini сияқты құралдардың көмегімен кез келген ағылшын мәтінін санаулы секундта, сапалы түрде қазақ немесе орыс тіліне аударуға болады.

"Иә, ағылшын тілі ғылым үшін әлі де қажет. Қажет болады да. Бірақ қазіргі технологиялардың арқасында бұл талап магистратураға түсуге кедергі болмауы тиіс. Өйткені енді осы технологиялармен, жастар ғылыми жұмысын бастай алады.  Оның үстіне, шыны керек, айтылған талап студенттердің тілдік деңгейін айтарлықтай көтере алған жоқ. Ең қиыны – қазақ әдебиеті мен өнерін зерттегісі келетін жастар ағылшын емтиханынан өте алмағаны үшін магистратура мен докторантураға түсе алмай жүр. Не істеу керек? Әрине ағылшын тілін қолдай отырып, бұл талаптарды өзгертуіміз керек", - деді ол.

Асхат Аймағамбетов мынадай ұсыныстар жасап отыр:

  • Біріншіден, ағылшын тілін ерте, мектептен бастап сапалы түрде оқытуды әрі қарай күшейту қажет.
    Кезінде Президенттің тапсырмасына сәйкес 3-4-сыныптар мен  10-11-сыныптарда ағылшын тілі сағатын аптасына 3 сабақтан  5 сабаққа дейін көбейтуді қолға алынбыз. Бірақ бұл бастама толық іске аспады. Осы бағытты нақты іске асыруымыз керек.
  • Екіншіден, оқыту тілі қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін бағыттарда ағылшын тілінен емтиханды түсу кезінде емес, оқу аяқталған соң тапсыруды қарастырған жөн. Ал сол кезеңге дейін ағылшын тілін бакаларвриат, магистратура мен докторантураның оқу бағдарламасына кіргізіп, тереңдетіп оқытқан дұрыс. Сонда нақты нәтиже болады.
  • Үшіншіден, ағылшын тілінде оқытатын немесе қосдипломды бағдарламалар, мен филиалдар үшін бұл талапты керісінше күшейткен жөн. Яғни әр бағытқа қарай саралау қажет.
  • Төртіншіден, Scopus пен Web of Science базаларында мақала жариялау талабын да мамандықтың ерекшелігіне қарай қарастырған жөн. Мысалы, қазақ филологиясы, музыка сияқты салаларда балама жолдар ұсынылуы тиіс. Бұл – университеттің өз құзырында шешілетін мәселе болуы керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар